300 грант және 10 мың студентке арналған кампус: Cardiff University Kazakhstan алғашқы оқу жылын қорытындылады

дереккөзден

ЖАҢАЛЫҚТАР
103

Cardiff University Kazakhstan – әлемдегі алпауыт оқу орындарының ішінде 118 орынды алатын университеттің шет елдегі тұңғыш филиалы. Бір жыл бұрын студенттерге есігін айқара ашқан білім ордасы айрықша жаңалықтарын көпшілікке таныстырды. Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттері кіретін беделді Russell Group-тың беделді мүшесі Cardiff Universityелордадағы алғашқы оқу жылын қорытындылады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.  

Жоғары білім беру саласында 140 жылдан астам бай тарихы бар Cardiff университеті – оқытудың, ғылыми зерттеулердің, халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейімен танымал. Қазіргі таңда білім ордасында әлемнің 100-ден астам елінен ондаған мың студенттер білім алуда. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен және бизнес өкілдерімен белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Университет бизнес-әкімшілендіру бағыты бойынша әлемдегі ең үздік 50 жоғары оқу орнының қатарына кірсе, білім беру, инженерия және геология бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 150 университеттің санатына енеді. Мұндағы шетелдік түлектердің 88%-ы оқуды бітіргеннен кейін 15 ай өткен соң жоғары білікті лауазымдарда жұмыс істейді немесе магистратурада оқуын одан әрі жалғастырады.

2026 оқу жылында өз қызметінің бірінші жылын сәтті аяқтаған Орталық Азиядағы алғашқы Cardiff University кампусы білім беру бағдарламалары мен әріптестік бастамаларын кеңейтуді қарқынды жалғастыруда. Осы орайда, 2026 жылдың қыркүйегіндегі қабылдау науқаны үшін талапкерлерге арналған қомақты стипендиялар мен қаржылай қолдау шаралары қарастырылған. Студенттер мен серіктестердің жаһандық қоғамдастығы шексіз өсу мен ынтымақтастыққа жол ашады. Ғылым мен білім арқылы жаһандық сын-қатерлермен жұмыс істейтін Ұлыбританиядан келген сарапшы оқытушылар құрамы студенттердің әлеуетін барынша ашуға, қарқынды дамып келе жатқан салаларда табысқа жетуге дайындайды. 

Талғат Жүсіпбек, Cardiff University Kazakhstan-ның академиялық мәселелер жөніндегі Вице-Провосты

«Өткен жылдың қазан айында ресми түрде университетіміз ашылған болатын. Алғашқы оқу жылымызды сәтті аяқтап отырмыз. 316 студентіміз өзінің бірінші оқу жылын тәмамдап, емтихандардың бәрін тапсырып аяқтады.

Әрине, өте сәтті деуге себебіміз — жоспарланған бүкіл мамандықтар ашылды. Одан қала біз келесі жылға жоспарланған мамандықтардың алғышарттарын орындап, олардың ашылуына байланысты дайын болып отырмыз. Қазан айында келетін арамызға қосылатын студенттеріміздің жаңа легін күтіп отырмыз.

Иә, былтыр, өткен жылы жоспарланған 300 гранттың барлығы игерілді. Бұл грант алғашқы 3 жылға бекітілген. Сондықтан өткен жылы, биылғы жылы және келесі жылға қатарынан 3 жыл бойы біз 300 грантты балаларға беретін боламыз, мемлекеттің тарапынан. Еліміз бойынша өте үлкен көрсеткіштерге ие болған, нәтижелерге ие болған 1200 студент бір айдың ішінде тапсырған болатын. Сол студенттерден 300 студенттер таңдалып алынды.

Енді кішкене қысқаша мәлімет бере кететін болсам, бізге түскен студенттердің орташа балы IELTS-тан 9-дан 7,5 болды. 25 пайыздан жоғарысы ҰБТ көрсеткіші бойынша 120-дан жоғары бал болды.

Ал алдағы уақытта, әрине, мамандықтардың легі көбеюіне байланысты, сонымен қатар біздегі Cardiff University Kazakhstan-ға түсушілердің сұранысының көбеюіне байланысты гранттарға қосымша сұраныс жасауымыз мүмкін. Бірақ ол, әрине, Ғылым және жоғары білім министрлігінің және мемлекеттің қаржылық жағдайына байланысты.

Cardiff University Kazakhstan өзінің бағдарламаларын ашқан кезде осы нарықтағы ең сұранысқа ие мамандықтарды зерттеп, зерделеп, бір жылдың нәтижесінде ғана сондай бір тұжырымға келген болатын. Бұның негізгісі бұл бізде, білесіз, Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын игеру бойынша Exploration Geology, яғни геология саласында, майнинг саласындағы мамандықтарды біз осында Cardiff университетінің тәжірибесін, сол жердегі сапаны қолдана отырып, бастап кеттік.

Сонымен қатар, азаматтық құрылыс бұл Civil Engineering деген мамандығымыз бойынша көптеген студенттеріміз қызығушылық білдіріп, қазір оқып жатыр. Ол деген сөзіміз Қазақстандағы көптеген қалалардағы инфрақұрылымды дамыту, қаладағы көптеген құрылыстардың қалай жүйелі түрде, дұрыс түрде салынуын қамтамасыз ететін мамандық болады». 

Cardiff University Kazakhstan-ды жан-жақты дамыту бағытындағы ең оңтайлы шешім - бірегей кампус ашу. Ғимараттың құрылысына Қазақстан үкіметінің қолдауымен елорда әкімдігі сол жағалаудан, дәлірек айтқанда ЭКСПО көрме орталығына, Назарбаев Университетіне және Астана Бас мешітіне жақын аумақтан 20 гектар жер телімін бөлді. 2028 жылға қарай мұнда 10 000 студентке дейін бір мезетте оқуға және тұруға мүмкіндік беретін толыққанды жоғары технологиялық студенттер қалашығы бой көтереді. Озық халықаралық стандарттар бойынша әзірленген жоба заманауи оқу ғимараттарын, зерттеу зертханаларын, оқушылар мен оқытушылар үшін жайлы тұрғын үйлерді, спорт нысандары мен қоғамдық демалыс аймақтарын біріктіреді. Жаңа кампус тұжырымдамасы дәстүрлі дәріс амфитеатрларынан толығымен бас тартып, командалық жұмыс, жобалық және эксперименталды оқыту үшін икемді кеңістіктер құруға негізделген.

 

Рональд Фогт, Cardiff University Kazakhstan-ның проректоры

«Cardiff университеті — Уэльстің ғажайып Кардифф қаласында орналасқан Ұлыбританиядағы элиталық университеттердің бірі.

Cardiff университеті «Russell Group» бірлестігіне кіреді, бұл оның Ұлыбританиядағы үздік 24 университеттің қатарындағы элиталық оқу орындарының бірі екенін білдіреді. Осы ретте, Cardiff University Kazakhstan Орталық Азиядағы алғашқы «Russell Group» университеті ретінде құрылды.

Біз Cardiff University Kazakhstan-ды өткен жылдың қыркүйек айында іске қостық. Алғашқы жұмысымызды Foundation (дайындық) бағдарламалары бойынша 316 студентпен бастадық. Біз бизнес және менеджмент, компьютерлік ғылымдар, азаматтық құрылыс және геологияны зерттеу бағыттары бойынша дайындық бағдарламаларын жүргіздік.

Ал, алдағы оқу жылында біз жаңа бағдарламаларды да іске қосамыз. Экономика және бизнес, заманауи әлемге арналған математика бойынша бакалавриат бағдарламаларын, сонымен қатар жасанды интеллект және деректер тану ғылымы (Data Science) бойынша магистрлік бағдарламаны (Master in Science) және MBA бағдарламасын ашамыз.

Сardiff University Kazakhstan  Ұлыбританиядағы Cardiff университетіндегімен бірдей бағдарламаларды ұсынады. Бағдарламалардың соңында студенттер Кардифф университетінде оқығандай дәл сондай диплом алады. Біз студенттердің біздің бағдарламаларымызда білім алуы үшін көптеген мемлекеттік гранттарды ұсынамыз. Бұл жерде бәсекелестік өте жоғары, сондықтан біз олардың мектептегі үлгеріміне, ҰБТ нәтижелеріне және ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қараймыз.

Сонымен қатар, біз Астанадағы дәрістердің көп бөлігін жүргізу үшін Cardiff университетінен профессор-оқытушылар құрамын арнайы алдыртамыз.

Иә, сонымен қатар біз 2028 жылы жаңа кампус ашуды жоспарлап отырмыз, ол тамаша мүмкіндіктері бар және сыйымдылығы 10 000 студентке дейін жететін үлкен де әдемі кампус болады. Біз ол жерде біртіндеп өсетін боламыз. Сондықтан студенттер екі жылдан кейін жаңа кампусқа көшеді. Ол жерде шынымен де керемет жағдайлар жасалады». 

Салтанатты ресми жиынға Ұлыбританиядан келген университет басшылығының делегация мүшелері, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қатысты. Шараға Cardiff университетінің президенті әрі вице-канцлері, профессор Уенди Ларнердің елордаға арнайы келді. Студенттердің көкейдегі сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

Уенди Ларнер, Cardiff университетінің президенті және Вице-канцлері профессор:

«Бұл – Cardiff университеті үшін өте маңызды бастама. Біз Cardiff University Kazakhstan-ды мақтан тұтамыз. Осыдан екі жыл бұрын біз алғашқы келісімге қол қойған едік. Ал қазір студенттеріміздің алғашқы легін оқытып бітірдік. Осы жерде қол жеткізген нәтижелерімізбен мақтанамыз.

Өйткені біз ғажайып ел Қазақстанның өз болашағына үлкен мақсат-жоспарлар қойып отырғанын көріп отырмыз. Жоғары білім беру саласында Орталық Азияның хабына айналуға деген ұмтылыс бар. Ал, біз соның бір бөлігі болғымыз келді.

Біздің студенттеріміз – алғыр балалар. Алғашқы тобымыз өте керемет студенттерден құралды. Олар зерек, ізденімпаз және өте орынды сұрақтар қоя біледі. Біз оларды мақтан тұтамыз.

Сондықтан алдағы жылдары біз Cardiff University Kazakhstan-да ұсынылатын бағдарламалар санын арттырамыз. Бұл ретте Қазақстанға дәл қазір не қажет екенін жіті ойластырып, дәл сол салалар бойынша бағдарламаларды дамытатын боламыз.

Кеңейе келе, біз қазіргі ғимараттан серіктестеріміз қала шетінде, осы жер мен әуежайдың арасында салып жатқан жаңа кампусқа көшеміз. Бұл бізді қатты толқытады. Заманауи үлгідегі оқу және оқыту кеңістіктеріне, студенттерге арналған орындар мен жатақханаға ие болу мүмкіндігі туады. Бұл жоспарлар әлі алғашқы кезеңдерінде тұр. Бірақ, 2028 жылға қарай біз осы жерден сонда көшеміз деп үміттенеміз.

Өте оң көзқарастамын. Бұл — бірінші жыл. Әрине, бұл жылдан үйренетін және болашақта бұдан да жақсырақ жасайтын тұстарымыз бар. Дегенмен, біздің алғашқы жылымыз өте сәтті болды деп есептеймін».

 

Жылды қорытындылай келе, университет қабырғасында оқу мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген, белсенді студенттер ерекше марапатқа ие болды. Үздіктердің ішінен суырылып шыққан 35 тәлім алушы беделді профессорлардың қолынан сый-сыяпат алды.

 

Іңкәр Дара:

«Мен Cardiff University Kazakhstan-ның 1-ші курс студентімін. Мамандығым ол — Computer Science. Осы өткерген оқу жылы бойы біз Cardiff University-дің main campus-тың профессорларымен кездестік. Алған тәжірибем өте бай болды. Әлемдік алпауыт деп танылған үздік мамандардың көзқарастарын біліп, тәжірибесімен санастық.

Мектеп бітірген жылы алдымда үш таңдауым болды. Ол — Америка, Британия және Қытай. Бірақ, мен Cardiff University Kazakhstan-ды таңдадым. Біріншіден, ол өз елімізде. Екіншіден, оқуды аяқтағанда британдық диплом алып шығамын. Дипломнан бөлек университеттің статусы да – маңызды! Russell Group-тың, Британияның элита университеті ғой. Оған қоса, маған университеттің программалары ұнады.

Шет елге барғанда қаражат керек қой. Мен анама «Мама, неге мен шет елге бару керекпін? Біздің Қазақстанда сондай университет ашылып отырса… Осындай мүмкіндіктер болса» деп айттым. Біздің университеттің шет елдік университеттерге қарағанда айырмашылығы жоқ. Бағдарламалары сондай, профессурасы да дәл сондай. Менің ойымша, бұл — өте күшті мүмкіндік.

Ал бүгін Outstanding Student Contribution Award марапатына ие болдым. Ол бізде волонтерлық жетістіктеріміз үшін және университет ішіндегі іс-шараларға қатысқанымыз үшін беріледі. Мен Music Club-тың мүшесімін. Саксофон, жігіттер, домбырада ойнай аламын. Музыкалық дағдыларымды қоса ала жүріп, бір жыл бойы университеттік іс-шараларға белсенді қатыстым. Біздің staff-қа көмектестім. Бірақ залда отырғанда марапат береді деп ойламадым. Себебі, мен іс-шараларға марапат үшін емес, шын жүректен ат салыстым!»

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр....

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласына соның ішінде  бала өмірін сақтап қалған...