Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Юрий Ханинга өмірден өтті, деп хабарлайды madenipor...
«Қазақмыс» кеніштері жаңа бұрғылау техникасымен толықты
Фото: “Қазақмыс”
«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік нысандарын жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы мақсатта «Жыланды» және «Нұрқазған» кеніштеріне Sandvik DL431 үлгісіндегі екі заманауи бұрғылау қондырғысы жеткізілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жаңа жабдықтар жерасты жағдайында терең желдетпе ұңғымаларын бұрғылауға арналған. Компанияның мәліметінше, олар өндірістегі бұрғылау жұмыстарының тиімділігін арттырып, тазарту блоктарын дайындау кезінде дәлдікті күшейтуге және кеншілердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Sandvik DL431 әсіресе қатты тау жыныстары кездесетін кен орындарында пайдалануға бейімделген. Мұндай жағдайда жабдықтың сенімділігі мен жоғары өнімділігі өндіріс үдерісінің үздіксіз жүруінде маңызды рөл атқарады.
Электрогидравликалық жүйемен жұмыс істейтін толық механикаландырылған қондырғы диаметрі 64–115 миллиметр аралығындағы ұңғымаларды 54 метрге дейінгі тереңдікке бұрғылай алады. Сондай-ақ техника автоматтандырылған басқару жүйесімен, жоғары дәлдіктегі позициялау технологиясымен және операторға арналған жайлы жұмыс орнымен жабдықталған.
Бұл жоба «Қазақмыс» компаниясының тау-кен техникасын жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Биыл компания 22 жаңа бұрғылау қондырғысын сатып алуға 9,9 млрд теңге бөлген. Қазіргі таңда жаңа техникалар өндірістік алаңдарға кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.
Компанияның айтуынша, техника паркін жаңарту кен өндіру көлемі мен тиімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді.