Қоғамның және өнер адамдарының назарына!БҚО әкімі А.Көлгінов не деп жауап береді екен?!Осы салаға жа...
33° аяз, бұрқасынға байланысты оқушылар мен студенттер тағы да қашықтан оқиды
Фото: Pixabay
Қазгидромет орталығы республика бойынша жел күшейіп, тұман түсетінін хабарлады. Кей өңірде ауа температурасы -33°-қа дейін жетеді. Салдарынан бүгін Астанада оқушылар қашықтан оқиды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Орталық мәлімдегендей, еліміздің басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болады. Тек республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі.
Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын соғуы мүмкін.
Температуралық фонда біртіндеп жылынады: Елдің батысында түнде 15–25° аяздан 2–12° аязға дейін, күндіз 5–15° аяздан 5° аяз – 5° жылыға дейін. Солтүстігінде, солтүстік-батысында түнде 20–31° аяздан 15–25° аязға дейін, күндіз 15–22° аяздан 5–13° аязға дейін. Орталығында түнде 20–31° аяздан 12–23° аязға дейін, күндіз 10–20° аяздан 1–12° аязға дейін. Республиканың шығысында түнде ауа температурасы 13–23° аяздан 25–33° аязға дейін төмендейді, – деп мәлімдеді Қазгидромет.
Осы орталықтың мәлімдемесінен соң, елордадағы білім басқармасының баспасөз қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты оқушылар онлайн форматқа көшіргенін хабарлады.
«2026 жылғы 12 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына (желдің күшеюі және ауа температурасының одан әрі төмендеуі) байланысты бірінші ауысымның 0-11 (12) сынып оқушылары және колледждердің 1-2 курстың студенттері (9 сынып базасында) қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – делінген білім басқармасының хабарламасында.