Әйелдің ішкиімін киіп, суретке түскен ер адамға қатысты сұмдық деректер айтылды

Фото: әлеуметтік жел

ЖАҢАЛЫҚТАР
395

Петропавлда әйелі мен балаларын соққыға жығып, әйелдердің ішкиімімен түсірілген ерсі видеолар жариялап жүрген ер адамға сот бір жыл бойы әйелі мен балаларының келісімінсіз оларға жақындауға тыйым салды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұған дейін көпбалалы анаға жасалған зорлық дерегі туралы хабарланған. "НеМолчи.kz" қорының өкілдері әйелдің күйеуі оны көп жылдар бойы азаптап, соның салдарынан әйел мүгедек болып қалғанын айтқан. Сондай-ақ, қор қызметкерлері ер адамның әлеуметтік желілерге жүктеген видеоларынан скриншоттарды қоса жариялады. Кадрларда ер адам әйелдердің ішкі киімін киіп түсірілген.

Осыдан кейін жәбірленуші анасын паналап қашып кеткен, ал кәмелетке толмаған бес бала әкесімен бірге қалған.

Бұл жағдайға полиция қызметкерлері де жауап қатты. Олар қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандарымен бірге отбасы тұратын жерге барған. Әйелдің арызы бойынша отбасы-тұрмыстағы қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін әкімшілік іс қозғалды.

Жақындамау туралы шешім қабылданды

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының арнайы әкімшілік соты ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік істі қараған.

"2025 жылғы 3 қарашада құқық бұзушы үйінде жанжал шығарып, бірге тұратын әйелін балағаттаған. Осылайша ол отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамды құрметтемей, оның тыныштығын бұзған. Бұл әрекет қылмыстық жазаланатын әрекет белгілеріне жатпайды", – делінген сот қаулысында.

Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші мән-жайды растады және күйеуін жауапкершілікке тартуды сұрады. Екі тарап татуласқан жоқ.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Бұдан бөлек, сот оның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгілеп, жұбайы мен балаларының келісімінсіз кездесуге тыйым салды.

"Петропавл қаласының полиция басқармасының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы өтініші ішінара қанағаттандырылсын. 12 ай ішінде құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, тиісуге, оларға баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға, сонымен қатар, оның отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерімен де байланыс орнатуға тыйым салу түрінде ерекше талаптар белгіленсін. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда психологиялық көмек алу шаралары белгіленсін", – делінген сот қаулысында.

Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.