Айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы

Фото: Автордан

Жаңалықтар
356

Қазақ халқының мәдениеті — ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан баға жетпес мұра. Солардың бірі әрі бірегейі — айтыс өнері. Ұлттық өнердің бұл түрі халықтың рухани азығы, ой-санасының биік шыңы саналады. Айтыс — сөздің құдіреті, ақынның шеберлігі сыналатын ерекше өнер. Уақыттың талай сынынан өткен бұл өнер қазір қаншалықты насихатталуда? Бүгінгі айтыс майталмандары қандай пікірде? Осы сұрақтарға жауап іздеп, біз Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы Оқушылардың Инновациялық Шығармашылық Орталығына ат басын бұрдық. Мұнда жақында ғана «Айтыс өнері» үйірмесі ашылған болатын.

Айтысқа қанат қаққан жас таланттар Салтанат Еркінбек пен Әбдірахман Қайрат осы үйірмесіге жазылдық. Орталықта түрлі өнерге баулитын көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Соның ішінде айтыс өнері үйірмесінің ашылуы жас таланттардың басын біріктіріп, шығармашылыққа жол ашты. Үйірмені белгілі ақын, айтыскер, «Самғау» сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, спорт шебері Мөлдір Айтбай жүргізеді.

Мөлдір Айтбай — Қызылорда өңірінің тумасы. Ол бала кезінен спортқа құмар болғанымен, ақындыққа аяқ астынан келді. Мөлдір ханыммен сұхбат барысында оның шығармашылық жолы мен айтыс өнері жайлы көзқарасын білуге мүмкіндік алдық. 

«Ақындыққа күтпеген жерден келдім»

Айтысқа қалай келдіңіз?

— Бала кезімде спортқа жақын болдым. Грэпплингтен спорт шеберімін. Ақындыққа келемін деп ойламадым. 7-сыныпта бір рет өлең жазып көрдім. Сол өлеңім газетке жарияланып, біраз шу тудырды. Осыдан кейін шығармашылыққа бет бұра бастадым. Абай оқуларына қатысып, жүлдегер атандым. Ал айтысқа кездейсоқ келдім.

Мөлдір Айтбай шығармашылық жолындағы ең үлкен қиындық «анасы алып берді» деген пікір болғанын айтты. Оның анасы Қазына Өзенбаева — журналист, бірнеше кітаптың авторы, беделді тұлға. Бірақ Мөлдір ханым өзін дәлелдеу үшін көп еңбектенген:

— Мендегі ең үлкен қиындық  бұл - «анасы алып берген» деген сөз болды. Анам - Қазына Өзенбаева. Журналистер Одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы. Барлық жанрларда қалам тербеп жүрген беделді кісі. 8-9 сынып оқып жүргенде байқауларда 1-орын алсам, ешкім менің өнерімді көрмей, «анасы алып берді» деп айтатын… Бірақ, мен сынбадым. 9-сынып оқып жүргенде Қадыр Мырза Әлі мойындайтындай өлең жазатынмын. Оны да жұрт мойындамайтын. Анам бір сөзінде: «бұрында жұрт сені көргенде Қазынаның қызы дейтін еді, қазір маған Мөлдірдің анасы дейді.». Яғни, мен өзімді мойындата алдым.Менің еңбегім ақталды.

Айтыс өнерінің бүгіні мен болашағы: 

Қазіргі айтыс өнерінің жағдайы туралы ойыңыз қандай? 

- Айтыс — қазақ халқының айнасы. Ол кез келген қоғам сияқты, өрлеу мен құлдырау кезеңдерінен өтеді. Бір кездері айтыс құлдырап, тоқырауға ұшырай жаздады. Жүрсін Ерман ағамыз айтысты қайта жандандырып, үлкен еңбек сіңірді. Қазір айтыс біршама дамып келеді, бірақ сапасы жағынан әлі де жұмыс істеу керек. Дегенмен, айтыс қазақ барда өлмейді! Ол құлауы мүмкін, тұруы мүмкін , бірақ ол қайтадан тұрып, шабатыны, қалықтайтыны - белгілі.

Мөлдір Айтбайдың айтуынша, қазіргі жастардың поэзияға қызығушылығы зор. Оған әлеуметтік желілердің, әсіресе TikTok-тың ықпалы ерекше:

— Жастардың поэзияға деген қызығушылығы жоғары. Мәселен, салыстырмалы түрде қарайық. Қазір тик ток бар. Ашып қалсаң поэзия. Неге? Себебі, сұраныс бар деген сөз. Жастар поэзия оқып, видео салып жатады. Одан бөлек, 2 қатар өлеңді шығарып қойса, сол 2 қатардың өзінде үлкен мән жатады. Оны бір бала оқып, көңіліне тоқып,өзіне сабақ алады. Бұл - алдағы уақытта поэзияға деген қызығушылық артады деген сөз.

   «Екі жыл бойы өлең жаза алмаған»

Мөлдір ханымның ең сүйікті өлеңі — «Сыйлық». Осы өлеңінің әсерінен ол екі жыл бойы жаңа шығарма жазбай, шабыт іздеумен болған:

— Маған ең қатты ұнайтын шығармам - «Сыйлық» өлеңім. Алғашқы кітабымның атауы «Мөлдір өлең». Оны Қалқаман ағам қойған. Екінші кітабымды «Сыйлық» деп атадым. Үшінші кітабым «Жауап». «Сыйлық» өлеңім маған не үшін ұнайды? Не үшін ұнайтынын нақты айта алмаймын. Адам баласы өзін-өзі мойындаған сәтте құлдырайды ғой. Өз-өзіне көңілі толмаған сәтте де… Мысалы, ренжітіп алдым деп қынжылса, мейірімді болуға тырысады. Өлеңіне көңілі толмаса, келесі жолы ізденіп, жақсы жазуға тырысады, талпынады. «Сыйлықты» қатты жақсы көретінім сонша, одан асатын өлең жазуым керек боп, 2 жылдай өлең жазбай қалған кезім бар. «Тоғыз ұлым - бір төбе, Ертөстігім - бір төбе» ,-демекші, мен үшін бүкіл өлеңім - бір төбе, “сыйлығым” - бір төбе.

«Сыйлық» — мен үшін ерекше туынды. Ол мені үнемі жаңа биіктерге жетелеп отырады. — дейді ақын.

Айтыс өнері тек сөз сайысы емес, ол — қазақ халқының шежіресі, өмірдің айнасы. Оны сақтап, дамытып, ұрпаққа мұра ету — біздің міндетіміз.

 

Әбдірахман ҚАЙРАТ,

Салтанат ЕРКІНБЕК

Алматы қаласы

Жаңалықтар

Мемлекеттік кірістер комитетінде қандай мобильдік аударымдар салықшылардың назарын аударатынын айтты...

Шоу-бизнес

Әнші Қайрат Нұртастың концерт үстінде темекі шеккен видеосы желіде жарияланды, деп хабарлайды madeni...