Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен кездесті. Бұл т...
Алаңсыз балалық шақ ел бейнесі
«Балалы үй базар» демекші, күллі тіршілік иесі жаратылысқа келген соң, соңында ұрпақ қалдыруға тырысады. Өмірдің сәні де, мәні де сол бөбектің арқасында айшықтала түсетіні айтпаса да түсінікті. Осы орайда мына заманның қатігездігі ме, әлде адам психологиясына жат пиғыл еніп, қиянатшыл өзгеріске түсті ме, кім білсін, әйтеуір зорлық-зомбылыққа әуестік етек ала бастаған сыңайлы. Сол қиянаттардың көпшілігі сексуалды сипатта болатыны аса қынжылтады. Мал екеш мал да өз төліне осындай жексұрындық жасамайды. Сонымен қатар, бала өлтіру немесе жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері де жоқ емес. Сонымен, балаға төнетін қауіп қай жақтан басым деген орынды сұрақ та туындайды. Бұрын баланы аң-құстан, жын-періден қорғаушы едік. Енді балаларды өзі тектес екі аяқты айуандардан қорғауға тура келеді. Бұл жерде осыған қатысты статистикалық мәліметтерді тізбектеп, бармақтан бал сорғанды қаламадық. Оның орнына билік тарапынан қоғамды сауықтыру үшін қандай қадамдар жасалып жатқанына тоқталғанды жөн көрдік.
Мұндай жат жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты органдар жұмыла кірісіп, соны жоспар әзірлеп жатқан көрінеді. Яғни Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға бет бұрыпты. Бұл жоспардың негізінде жас балалардың қоғамдағы жүріс-тұрысы түгел қамтылған. Бұны Ереже ретінде де қабылдауға болады. Сонымен, бала ғана емес, оның ата-анасы да зорлық-зомбылыққа душар болмас жолдары қарастырылуда екен.
Осы орайда еліміздегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру, және дамыту мақсатында, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2016 жылдың 10 ақпанында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылғаны туралы еске сала кетейік. Бұл институт өз жұмысын қоғамдық негізде атқарады. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айналысатын қызмет түрлері көбіне азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау болып табылатын көрінеді. Соның ішінде отбасылық қарым-қатынас, алименттік міндеттемелер, әлеуметтік және тұрғын үй бойынша құқықтық мәселелермен қатар, балаларды тәрбиелеу жағы да аса өзектілік танытып тұрған секілді.
Осы тақылеттес шағымдарды қарау кезінде, Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі тарапынан қазіргі қолданыстағы заңнама талаптарына сай, өтінім берушілерге толықтай түсініктеме беріліп, сонымен қатар осы мәселеге қатысы бар мемлекеттік органдар мен министрліктерді де араласуға шақырады. Сондай-ақ бұндай мәселеге билік тарапынан селсоқтық танылса, оның да мән-жайын ұғындыра кетеді. Бұлай дейтін себебіміз, жергілікті атқарушы органдар күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтардың заңнамалық құқықтары мен мүдделерін тәптіштеп түсіндіріп беруге онша құлықты емес.
Қазіргі таңда Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын реттейтін 45-тен аса нормативтік актілер бар екен. Осы орайда айта кетелік, соңғы жылдары балаларға қатысты қылмыс көрсеткіші бәсеңдей бастапты. Мысал ретінде келтірсек, 100 мың балаға шаққанда зардап шеккендер кейнгі бес жылда 3,7 есеге төмендеген. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға уәкілетті органдар болып – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті бекітілген. Балалар мекемелері ретінде ҚР Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі де саналады.
Балалар өміріне қауіп төндірмеу үшін барлық министрліктер мен ведомстволар, сонымен қатар қоғамдық ұйымдар да жауапты екенін ескерткен жөн.
Осы орайда зорлық-зомбылықпен күрес бағытында «Балаларды бірге қорғаймыз!» Жол картасы ҚР Мемлекеттік үйлестіруімен жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «үй-мектеп» қауіпсіздік картасы әзірленіп, семинарлар, дәрістер, әңгімелер өткізіліп, кітапшалар, ескертпе хабарламалар таратылуда. Осы сияқты алдын алу шаралары балалар қауіпсіздігіне жол ашатын қадамдар болып есептелінеді.
З. Самалбекұлы