Алматы метрополитені қарбалас уақытта пойыздар қозғалысының аралығы өзгеретінін хабарлады, деп хабар...
"Ақбаянға не үшін қылмыстық іс қозғалды?": Атырау полициясы тың деректі айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөз
Қоғамда үлкен талқыға түскен Атыраудағы отбасының жоғалуына қатысты қылмыстық істе Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Осыған байланысты оған қатысты қозғалған қылмыстық қудалау ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті ретінде ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев Алматы қаласына жеткізілгеннен кейін жасаған әрекетін бірден мойындаған. Ал Ақбаян Мұқанғалиева тергеу барысында қойылған сұрақтарға толық жауап бере алмаған. Құзырлы органдар оны елге жеткізген соң арнайы медициналық мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдаған.
Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратовтың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваны бастапқыда күдікті деп тану процестік қажеттіліктен туған.
"Депортация арқылы жеткізілген соң, толық сараптама қорытындысы шықпайынша, оны медициналық ұйымға орналастыру туралы шешім қабылданды. Сол себепті ол күдікті ретінде танылды. Мұндағы негізгі мақсат – оның қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау еді. Сөйлесу барысында психикалық ауытқушылық белгілері байқалды. Тергеу әрекеттерін толық жүргізуге мүмкіндік болмады. Ол сұрақтарға нақты жауап бере алмады, жауап берген күннің өзінде ауытқушылықпен жауап берді. Сондықтан Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды", – деді тергеуші.
Осылайша, тергеу қорытындысы бойынша Ақбаян Мұқанғалиеваның аталған ауыр қылмысқа қатысы дәлелденбеген. Ал іс бойынша негізгі айып Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қаралып жатыр.