Ақын Жадыра Дәрібаевамен сұхбат

Жаңалықтар
4391


Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының иесі, бұрынғы Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева өлең мен өмірдің туыстығы туралы әңгіме қозғады. Сол сұхбат пен ақын өлеңдерін қоса ұсынып отырмыз.

Тағдыр біздің маңдайымызға алғашқы Әнұран сөзінің авторлары болуды жазыпты

- Сіз Әдебиет атты киелі әлемнің есігін имене ашқан кезіңізге жиі «саяхаттайсыз» ба? 

- Менің туып-өскен жерім қазақ ауылы, Сыр өңірі. Ұлы Отан соғысының батпандай қайғысынан есін жия алмай, жүректері қансырап қалған жұрттың жылай жүріп күн кешіп, жас ұрпаққа, бір-біріне мейіріммен қамқор бола білген ортада тәлім-тәрбие алдым. Сол Тереңөзек ауданына Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен жер аударылып, қоныс тепкен әртүрлі ұлт өкілдерінің: орыс, еврей, молдаван, белорус, украин, кәріс, шешендердің балаларымен бірге балабақшада, кейін мектепте орыс тілінде оқыдым. Дәрібай атамның мен әріп тани бастағаннан ертегілер, аңыз-қиссалар кітаптарына шұқшитқызып оқытқанының арқасында қазақ тілінің қасиетін ұға бастадым. Алғашқы жырларымды бесінші сыныпта орыс тілінде жазғанмын. Тақырыптары белгілі ғой: Отан, ана, көктем, туған жер... Балауса жырлар. Пәктік, риясыз сенім, бәрі мәңгі сияқты көрінетін. 

Осындай мөлдір сезімдермен, адами ізгі ұстанымдармен өмірдің өркеш- өркеш жолдарына аяқ басып, ешбір қорғану, тайсалу дегенді білмеген қалпымда алдымен Қызылорда қаласындағы қыздар педагогикалық училищесіне түстім. Сонда жүріп қазақтың көрнекті сатирик ақыны Асқар Тоқмағамбетов басқаратын әдеби ортаға ендім. Ақын-жазушылардың болмысы, мінез-құлқы, психологиясы, дүниетанымдары, кейде бала, бірде дана сияқты олардың табиғаты – бәрі мен үшін бір тылсым әлемдей көрінетін. Кейін сол кісілер жаныма жақын болғаны соншалықты, әлі күнге дейін шығармашылық иелері мен үшін еңқымбат туыстарымдай. Өйткені олардың ойы ұшқыр, сезімтал, көңілдерінде рентген-көз бар сияқты, сәулесімен сенің жан-дүниеңнің түкпір-түкпірін көріп тұрғандай. Пейілің түзу, адамгершілігің мен адалдығың мол, рухың мен дарының бар екенін білсе болды, қол-аяғыңды жерге тигізбей көтеріп әкететін сол аға-апаларымыздың қанатымды қатайтып, орыс тілінде жазған балғын жырларымды қазақшаға аударып, газетке басып, мерейімді өсірген мәрттіктерінің арқасында түлеп ұшқаным рас.

- Өзіңіз дәріс алған Әдеби институты, сол кездегі әдеби орта жайлы айтсаңыз. 

- Сөйтіп, 1970 жылы үлкен әдеби-мәдени қайнаған ортаға келдім. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының студенті болдым. Нағыз рухани әлемге еніп, дүниенің төрт бұрышынан келген «менмін» деген мықтылардың ортасына түсіп, өздігіңді сақтап, дарындылығыңды мойындатып шығу бұл жерде нағыз тұлғалық жеңіске жету болып табылады. Оның астарында сенің туған ұлтыңның мәртебесі де жататыны хақ. Әлемдік мәдениеттен, үлы әдебиеттен сусындау үшін өз-өзімді қамшылау басталды. Дарындылар көшінің алдына шықпай-ақ, артта қалып қоймасам екен деп ойладым. Кілең өркөкірек, бірінші, екінші курста бірін-бірі менсінбейтін «генийлердің» ортасында өзіңді сол ауруға шалдықтырып алу қиын емес еді. Тізгініңді қолдан бір шығарып алсаң болды, әртүрлі «снобистік» дертке ұрынып кетуің мүмкін. Үшінші курстан бастап сол «данышпандардың» бірсыпырасы сабасына түсе бастайды. Өйткені, әлемдік нағыз ұлылардың шығармашылығына бойлаған сайын, олардың мысы басып, төртінші жылға жеткенде баяғы көңіл су сепкендей болып, көбісі бойындағы барынан айырылып қалатын. 

Дарындылардың жан әлемін байыту үшін бұл институтта әдебиет пен өнердің барлық саласы бойынша дәріс берілетін. Көбінесе, лекциялар диспутқа айналып, қызу пікірталаспен өтетін. Небір дарабоз профессорларымыздың лекцияларына Мәскеудің Мемлекеттік Университетінен, басқа да көптеген жоғарғы оқу орындарынан студенттер келетін. Санаң мен жан-дүниеңде керемет төңкеріліс болып, сұлулық әлемінің нәрінен сіміріп, көркемдік көкжиегін кезіп кетесің. Қиялыңда ұлылармен тілдесіп, олардың шығармашылық шеберханаларына кіресің, шеберлігінің сырын ұғуға ұмтыласың, бірақ солардың қайталанған сүлбесі болудан қорқып, өзіңдік жол іздейсің. Ол - өз табиғи жаратылысыңдағы қабілетіңнің ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктерін, өз келбетіңе лайықты стиліңді, шығармашылықтағы бағыт-бағдарыңды айқындап алу. Әрбір қуатты туынды - дарын иесінің шеберлігіндегі пайдаланатын көркемдік бейнелеу құралдарын игеруіне, оның сана-сезімінің сұңғылалығы арқылы адам жаратылысының күрделі әлеміне бойлай алуына байланысты. Жаратушының қағидаларынан ауытқығандар мен оны қанағат тұтып, өздеріне өмірлік ұстаным еткендердің тағдыр соқпақтары мен сүйініші, күйініші, олардың арасындағы мәңгі текетірес пен күресті шынайы да көркем суреттеу –оқырман алдындағы парыз. Дарын иесінің рухани орбитасы пәрменді де қазыналы болмаса, оның шығармасы ешкімді елітпейді. Сондықтан кәсіби жазушы сана түкпіріндегі қордаланып жатқан ой түйіншектерін жан ышқынысымен ақтарады, оларды саралап, салмақтап, іріктеп, әртүрлі кейіпкердің бейнелерін сомдайды, оқиғаларды шиеленістіріп, шарықтау шегіне жеткізеді де, шешуші сәтіне дейін оқырманының ерік-жігерін уысынан шығармай отырып, оны сезім қайнарына әбден сүңгітеді. Осындай жан мен сананың домна пешінде сақырлап қайнап шыққан шымыр шығарма ғана адамның жан-дүниесін жандырып, күйдіріп, балқытып, ойын ойрандай алады. Ондай болмаған жағдайда ол қажетсіз дүниелер қатарында қалып қояды. Дарындылықтың қиын азабы мен ғажабын әлі түсінбеген, көңілдері алып-ұшып тұрған біз сияқты бозөкпелерді әдеби процесстің осындай күрделі ішкі иірімдері мен шығармашылықтың құпия әлемінің сыры мен қырына бойлатқан орыстың парасатты профессор-оқытушылары еді. Ал сол кездегі атақты Сергей Залыгин, Виктор Астафьев, Лев Озеров, Лев Ошанин, Петр Проскурин, Василий Белов, Алексей Михайлов сияқты ақын-жазушылар шығармашылық семинарлар жүргізетін. Мұнда кезекпен әрбір студенттің шығармалары талқыланады. Осындай түбегейлі талдаудан жақсы пікір алып шыққандар көкірегін керіп жүре алады, ал құлай сыналып қалғандардың көпке дейін назары пәс болып, оны қаламдастары біреуі есіркеп, кейбіреуі менсінбей қарайтыны бар. Әріптестерінің алдында дарыны төмен болып көрінген жан ішіп кететін де жағдайлары болатын.

Сол жетпісінші жылдары бүкіл Кеңес Одағы кеңістігіндегі поэзия патшалығына жаңа леп әкелген Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Белла Ахмадуллина, Римма Казакова сияқты т.б. ақындарды тыңдау үшін біз Орталық Әдебиетшілер Үйіне - (ЦДЛ) деп аталатын - жиі барып, кездесулерге қатысып, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген небір майталман қалам иелерінің әңгіме-дүкендерін құмарта тыңдайтынбыз. Ұлы әдебиет атты қасиетті ғаламшардың ішіне ену үшін бір ғана дарындылық аз екенін, жаныңды салып ізденіп, оқып-тоқып, өзіңнің дара жолыңды айқындап алу керектігін үйреткен шағын ғана, студенттері 300-ден аспайтын, бірақ дарын иелерінің білімділігін арттырып, бүкіл адамзаттың әдеби, рухани кеңістігіне бойлатуға мүмкіндік беретін әлем бойынша, дара тұрған, осы киелі шаңыраққа мені жетелеп апарған тағдырыма ризамын. 

Мәскеудің Останкино аймағындағы Добролюбов көшесінде орналасқан институтымыздың жатақханасындағы ойлар мен сезімдердің сапырылысып, әртүрлі көзқарастар мен түйсіктер қайнап, кейде өз арнасын таба алмай ышқынып, шырқырап, күйзеліске ұшырап жататын кездері де болатын. Кеңес Одағының, социалистік елдердің түкпір-түкпірінен келген әрқайсысы өздерін ұлыдан кем санамайтын дарын иелерінің бірін –бірі мойындауы қиын еді. 

Қазақ көркем аударма тобында Қазақстаннан алты студент оқитынбыз: Невель Әбілов, ол бір жылдан соң қайтыс болды. Қайрат Бақбергенов, Бақыт Қайырбеков,Ерлан Сатыбалдиев, Баян Бұлғақбаева және мен. Елден келген ақын-жазушылар бізді тауып алып қазақ әдебиетінің, елдің жағдайына қанықтыратын. Біз бірінші, екінші курстарда жүргенде КСРО Жазушылар Одағындағы қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі болып, керемет дарын иесі, қазақ прозасының хас шебері, биік парасатты, эстет - жазушы Тәкен Әлімқұлов қызмет атақаратын. Ол кісі де бізбен жиі кездесіп, сұхбаттасып, жаңа шыққан кітаптарды бізге жеткізіп тұрды. Кейін оның орнына белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев келіп, қамқорлығын жасап, бәрімізге жақсы аға да, дос та бола білді. Сол кезеңдерде Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы қызметінде қазақтың көрнекті жазушысы Әнуар Әлімжанов еді. Ол кісі келіп бізді жинап, ақыл-кеңесін беріп кететін. Бүкіл Кеңес Одағының халқын ауызына қаратқан дүлділ ақын Олжас Сүлейменов жиі келіп жырларын оқып, ой бөлісіп тұратын. Ол келгенде Мәскеудің жыр сүйетін қауымы жатақхананың есігін аңдып жүретін. Әрқайсысы өзін «гений» санайтын студенттердің оның алдында мысы басылып қалатын. Біз, қазақ жастары, бауырымыз үшін марқайатынбыз. Жалпы, мұнда қазақ жастарын рухы мен пайымы жоғары, ниеті түзу, ақжарқын деп сыйлайтын да, олармен санасатын да. 1958 жылы бұл институтқа қабылданған қазақ тобында ақын Олжас Сүлейменов, қазақтың біртуар ақын-жазушылары: Ілияс Жансүгіровтің ұлы - Болат, Бейімбет Майлиннің ұлы – Мереке оқыған. Олар институттағы ұстаздардан бастап, студенттер қауымына, тіпті, көптеген мәскеуліктерге өздерін мойындата білген. Бұлардың бойларынан қазақтың табиғатынан алғыр, батыл, ержүрек, намысшыл әрі адал қасиеттерін ұққан мұндағы қауым бізді сол халықтың ұрпағы ретінде сыйлайтын. Алдыңғы буын ағаларымыздың айбаттылығы мен ардақтылығы бізге, олардың артынан ерген іні-қарындастарына, өнеге, әрі жанға медет болғаны рас. Қазақтың абыройын арттырып, намысын қорғай білген сол ағаларымыздың рухымен қайраттанған Мәскеуде оқитын жастар 1963 жылы «Жас тұлпар» атты қазақ студенттерінің бейресми ұйымын құрған. Оған жетекшілік еткен Мәскеудің Мемлекеттік Университетінің шығыстану факультетінің студенті Мұрат Әуезов пен Дүниежүзілік қарым-қатынастар Университетінің (МГИМО) студенті Болатхан Тайжанов және Энергетика институтының студенті Алтай Қадыржанов еді. Сол кезде Ленинградта да «Арай» атты осындай ұйым ашылған. Жастарға халқымыздың өзекті мәселелері бойынша конференциялар өткізіп, әр қазақ студенті еліне пайдасы тиетін жақсы маман болып шығу, тілімізді дамыту, шикізатымызды талаң-таражға салып тарата бермей, еліміздің жер қойнауы байлықтарын өндіретін өндіріс орындарын Қазақстанда ашу керектігін алғаш ашық айтқан осы ұйым мүшелері болды. Ұлтымыздың өзінің табиғи байлығының игілігін өзі көре алмай, туған тілінде именіп сөйлеп, екінші сорттыққа душар болған кейпін айта білген, халқымыздың санасына соны жеткізуге талпынған сол ержүрек, жанашыр, көзі ашық, білімді ұлдары құрған осы ұйымдардың 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне ықпалы болғаны да анық.. Жетпісінші жылдары Мәскеуде оқыған қазақ жастарына да сол «Жас тұлпарлықтардың» жанайқайы жеткен еді, оның ішінде өзім де, елге демалысқа келген сайын, астықтың ортасында отырып нанға жарымай, мыңғырған малдың ішінде жүріп ет пен сүтке қолы жетпей отырған туған жұртты көріп, Мәскеудің дүкендеріндегі азық-түлік үйіліп тұрған сөрелері көз алдыма келетін. «Өз несібемізге өзіміз қашан ие болар екенбіз, сондай күн туса ғой!»- деп қаншама армандағанбыз. Шүкір, сол тәуелсіздікке жетіп, егеменді ел болып, еңсемізді тік ұстап, байлығымызға, жерімізге еге болдық. Енді ешкімге жем болмаудың амалын тауып, жан-жақпен тіл табыса біліп, ақыл-парасатпен, ынтымақпен арамыздағы бірлікті сақтап, әрмен қарай еліміздің индустриалды, өркениетті, рухани кемелденіп дамуы үшін бәріміз ат салысуымыз керек. 

- Сол кездегі рухани орта, атақты ақын-жазушылардың қандай ерекше қасиеттері есіңізде қалды?

- Уақыттарын бөліп, бізбен қызықты кездесулерге келетін қаламы қарымды талай қаламгерлер болатын. Шыңғыс Айтматов, Қайсын Кулиев, Расул Ғамзатовтар да жатақханаға соғып, өздері жатып оқыған осы жерде жас дарын иелерімен пікір алысып, жаңа шығармаларын оқып, қызықты әңгімелерін айтатын. Олармен бірге мәскеулік ақын-жазушылар келетін.

Осы Әдебиет институтының жанынан құрылған жазушылардың әдеби білімін толықтыратын екі жылдық жоғарғы курстар бар. Онда әр республикадан жылына екі арнайы әдеби мамандығы жоқ ақын-жазушы келіп білім алады. Біз оқып жүрген 1970-1975 жылдар аралығында атақты қазақ қаламгерлері Сайын Мұратбеков, Марфуға Айтхожина, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Иранбек Оразбаев оқыды. Кинематография институтының екі жылдық жоғарғы курсының тыңдаушылары да осы жатақханада жататын. Онда көрнекті жазушы Смағұл Елубаев, дарынды журналист Ғаділбек Шаяхметов, деректі фильмнің алғашқы қазақ режиссерлерінің бірегейі Кәрім Танаев та бар. Қазақтың ардақты, ақыл-парасаты жоғары талантты қызы, өр мінезі көрігі көркіне сай, Алтыншаш Жағанова осы институтта сырттай оқитын, екеуміз апалы-сіңілідей жақын болып, кейін де рухани кеңістігімізді бірге байыта түскен едік. Жатақханамыздың жертөлесінде (подвалында) теннис корты бар болатын, Алтыншаш сол жерде теннистен жігіттермен сайысқа түсіп, көбінесе, ұтып шығатын, біз осындай бауырымыз үшін қуанатынбыз. Бүкіл курстастары оны сыйлап, сөзіне құлақ асатын. 

Жатақханаға әдеби ортаны аңсап Мәскеуде оқитын студенттер мен аспиранттар жиі келетін. Олар кейде Әдеби институтының деңгейі биік профессорларының лекцияларына да қатысатын. Дарынды дамыту үшін еркін тыныс алдыратын осы аяулы оқу орынының ректоры Владимир Федорович Пименовке студенттер барып ақша алып, қалаған қаласына, немесе республикаға қыдырып барып келетін, қарындары ашса да сол кісіге, немесе, әрбір институт қызметкерлеріне, профессор, оқытушыларға барып емін-еркін ақша алуға болады. Қашан қайтарсаң да өз еркің. Қайтара алмайтындар да болатын. Мұндайда ол кісілер студенттің жағдайына түсіністікпен қарап, кейбір ішіп жүретін дарындыларға өбектеп, қамқорлығын аямайтын. Студенттерді баласындай әлпештеп, бетінен қақпай, таланттың алдында бас иетін биік адамгершілік пен мәдениеттілік үлгісін көрсеткен, жан-дүниелері асқақ көркемдікпен көркейген ардақты ұстаздарымыз М.А.Еремин, М.А.Водолагин, С.А.Артамонов, В.А.Дынник, С.Джимбинов, К.М. Мусаев, Г.З. Хантемирова, А.М.Галанов, Л.И. Климович, В.А. Куницын, А.М. Тахо-Годи т.б. адал да парасатты жандар еді. Олардың кішіпейілдігіне, жастардың мүддесін жоғары қойып, өздерінің биіктігін алға шығармай, тіпті, сыртқы киім шешетін бөлмеде де шәкірттерін алдарына жіберіп, «сендер халықтың болашағысыңдар, әрбіреуің дарын иесісіңдер»,- деп біздің өз-өзімізге деген сенімімізді арттыра түсіп, тұлғалылыққа талпындырған сол шын мәніндегі аристократ жандардың алдында бас имеу мүмкін бе. Бізге көне түркі әдебиетінен дәріс берген профессор, атақты түркітанушы ғалым Халық Гусейнович Короғлының лекциясын тыңдауға, өзінің шәкірті, қазақтың біртуар ұлы, сыр сүлейлерінің жалғасы, хас талант иесі, жас та болса жыраулығына халқын тәнті еткен, СССР Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтының аспиранты Көшеней Рүстембеков келетін. Ол жатақханаға Жұмекен ағаны сағына жететін. Сосын екеуі бірінен соң бірі домбыраның ішегін ағытып жібергенде, Көшенейдің дауысынан Останкино телемұнарасы дірілдегендей әсер қалдыратын, әсіресе, күн жылы кезде бөлменің терезесін айқара ашып тастап, бірі қазақтың қасиетті жыраулық өнерін, екіншісі киелі добырасының құлағында ойнап, ақ нөсердей төпелеген күйлерімен сол маңайды дүркіреткенде көшедегі жұрт таңдана да, тамсана да, кейбіреуі үрке тұрып қалатын. 1973 жылы көктемде халқымыздың маңдайына біткен жампоз жыр шайыры, жан-дүниесі мөлдір де көркем сол Көшенейден қапыда айырылып қалғанда, нағыз өнердің бағасына жететін жұртымызбен бірге қайғырдық.. Көшенейді әскери самолетке салып, соңғы сапарға шығарып салғанда оны жанындай жақсы көретін ақын ағасы Жұмекен Нәжімеденов, ғылым жолында бірге жүрген жерлес ағасы СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтының аспиранты Өтеген Күмісбаев, Мәскеу Ветеринариялық Академиясының студенті Сыр елінің перзенті Атамұрат Шаменов сияқты көптеген ел азаматтарының қабырғалары қайысты. Халық Гусейновичтің: «қазақ халқы өзінің дүниеге жүз жылда бір келетін, дарыны дархан эпик-жыршысын, арда ұлын жоғалтты-ау» деп бізге көңіл айтып, жанары жасқа толып тұрған сәті көз алдымда.                    

Жұмекен аға керемет күйші болатын, өзі консерваторияда оқыған екен. Ол аяулы ағамызбен де жұбайым, Н.Э. Бауман атындағы жоғарғы техникалық училищесінің студенті Жақсыбай Қасымбеков екеуміз бірге талай сырласып, әдебиет төңірегінде, туған халқымыздың жағдайы, болашағы жайлы сағынышымызды тарқата отырып, көп әңгіме шертетінбіз. Парасатты жыр падишахы Жұмекен аға сол кезде «Ақ шағыл» атты романын аяқтау үстінде еді, бізге сонан үзінділер оқып, жырларының кәусарына қандыратын. 

Ал қазақ лирикасының королі Мұқағали аға Мәскеудің қарбалас өміріне көндіге алмай, бір жылға жетпей 1973 жылы елге қайтып кетті. Бірақ сол аз ғана уақыт ішінде оның поэзиясын бірге оқыған курстастары мойындап, ақындығын жоғары бағалағанын, кейін мен де естігенмін. Бір күні Мұқағали аға біздің бөлмеге әдеттегідей томсырайып емес, жарқырап, шаттана кіріп: «Сегодня на семинаре обсуждали мои стихи, и я увидел во многих взглядах зависть! Хвалили, даже очень!»-деп ақын аға толғана, мақтана, балаша қуанып, Жақсыбай екеуі бұл жеңісті «жуып», ол кісі шабыттанып өз жырларын, сосын орыстың ғажап ақыны Марина Цветаеваның ғарыштық қуаты бар жырларын жатқа оқыды. Орыс әдебиетінің «Күміс ғасыры» болып саналатын ХХ ғасырдың бірінші жартысында тек орыс қоғамында ғана емес, бүкіл Европада әдебиет пен өнерде көркемдік революция болғаны белгілі. Жаңа модернистік бағыт-бағдарлар пайда болды. Осы кезеңде орыс поэзиясына да жұртшылықты жырларының от-жасындай рухани температурасымен дүр сілкіндірген бір топ ғажап ақындар келген. О.Мандельштам, А.Блок, Б. Пастернак, А. Белый, Н. Гумилев, А. Ахматова, М. Цветаева, С. Есенин т.б. арасында аман қалғаны бірең–сараң болмаса, көбісі Сталиндік қатыгездік құрығының құрбаны болып, алпысыншы жылдардың ішінде Н.С. Хрущевтің тұсындағы «жылу» кезеңінде ғана шығармалары оқырмандармен қайтадан қауыша бастаған. Әлі есімде, сол күні Марина ақынның «Знаю, умру на заре», «Моим стихам, написанным так рано», «Идешь на меня похожий», «У меня в Москве – купола горят» деп басталатын керемет лирикасын Мұқағали аға таза орыс тілінде, өзінің жүрегінен шыққандай, соншалықты бір тебірене, жарқын дауыспен, жалындата оқығанда, мен де оған еріксіз қосыла кеткенмін. Сондағы арынды ақын ағаның шынайы толғаныспен: «Біздің қазақ қыздарының ішінде Цветаеваны жатқа білетіндер бар екен ғой!» - деп ризашылық мейіріммен қарағаны, маған қанат бітірген еді. Біздің бөлмеден шыққан жыр лебін естігендер жиналып, осы отырыс кішігірім поэзия кешіне айналған. Бірде түстен кейін Мұқағали аға біздің бөлмеге келді. Ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткендей, үндемей отыр. Біз Жақсыбай екеуміз жанында өбектеп жүрміз. Алдына барымызды қойып, ол кісінің қас-қабағына қараймыз. «Аға, ауырып қалған жоқсыз ба? Тыныштық па, амандық па?» - деген сұрағымызға жауап жоқ. Бір кезде терең бір күрсініп алды. «Кеше кешке мені Жамбыл облысының әкімі адам жібертіп «Москва» мейманханасына қонаққа шақырған соң, барып едім. Үш-төрт азаматпен бірге жақсы әңгімелестік, жыр оқылды. Сөйтіп, түннің жарымына дейін отырып қалдық.. Олар мені шығарып салды. Сырттан такси ұстап, «мынау елдің сыбағасы, ішінде қазы-қарта, жаясы бар» деп бір сөмкені әлгі көлікке салды. Ел азаматтарының ыстық ықыласына көңіл шалқып, мәшинаға отырдым. Сөйтіп, қолымдағы жыр блокнотымды да, әлгі сөмкесін де таксиде қалдырып, жатақхананың жанынан түсіп, бөлмеге келіп ұйықтап қалыппын. Бәрі құрысыншы, анау блокнотты айтсайшы, ішінде сиясы кеппеген жаңа жырлар бар еді, менде түпнұсқасы сақталмаған. «Эх, Сергей, Сергей, Сергей, сергелдеңге түстім-ау, мен де сендей...»- деген өлеңім де сонда кетті-ау. Не істеуге болады? Енді ол қайдан табылады?», - деп қатты қапаланып отырған ағаға жанымыз ашып, әсіресе, сол керемет жырлар қазаққа жетпей қалады-ау деген үреймен, біз вахтадағы телефоннан Мәскеудің таксопарктеріне, жоғалғанды әкеліп тапсыратын жергілікті бюролардың бәріне звандап шықтық.. Бірнеше күн іздеумен жүрдік. Сол күйі жыр блокноты да, сөмке де табылмады. Бірақ Мұқағали ағаның Сергей Есенинге арнаған сол жолдары бар жырын кейін мен бір кітабынан оқыдым да, «жадында қалған екен ғой» деп қуандым. 

1970-1975 жылдары біз оқыған кезде де «Жас тұлпардың» деңгейіндей болмаса да, Мәскеуде оқитын қазақ жастарыныңҚазақстанның Мәскеудегі Тұрақты да өкілетті елшілігі жанынан құрылған ұйымы болатын. Мерекелік кездесу кештерінде бәріміз бас қосып тұратынбыз. Бір-біріміздің жатақханаларымызға барып, қазақ әндерін айтып, жырлар оқып елге деген сағынышымызбен бөлісетінбіз. Сол кезде жастардың сүйікті ақындарына айналған қазақтың Абай бастаған марқасқаларының жырларынан бастап, заманы бір ағаларымыздың, оның ішінде, әсіресе: Төлеген Айбергеновтің, Мұқағали Мақатаевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Өтежан Нұрғалиевтің, Мұқтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың дархан даламыздай тынысы кең, салихалы, нұрлы да уытты өлеңдерін жастар жатқа білетін де, бір-бірімен жарыса оқып, олардың жан-дүниелері жыр құдыретінен нәр алып, бойларында халқымызға деген сүйіспеншіліктері арта түскені сөзсіз. 

Біздің жатақханаға қазақтың небір дүлділ дарын иелері келіп тұратын. Солардың ішінде халқымыздың маңдайына біткен ерекше дарынды, жас әнші, Мәскеу консерваториясының түлегі, Италияның атағы жер жарған Ла Скала опера театрында тәжірибе алып, сахнасында ән салған, әлемдегі ғажайып опера әншісі Лучано Паворотти жоғары бағалаған, жігіттің сұңқары Амангелді Сембин де келетін. Мен бұл азаматпен көп араласпағаныммен, оның Мәскеудің Үлкен Концерттік Залында берген шығармашылық кешіндегі талғампаз көрерменнің соншалықты ыстық ықыласын көріп, әлемде сирек кездесетін мұндай опералық, драмалық сиқырлы тенор дауыстың біздің қазақтың жігітінің бойынан табылғанына іштей шүкіршілік еткен едім. Өкініштісі, Мәскеудің жоғарғы мәртебелі маэстроларының оны өз орталарында қалдыру үшін жасаған әрекеттерінен бас тартып, туған еліне оралған сол таңғажайып дарын иесінің тәлкекке ұшыраған тағдырына біздің қоғамда ешкім араша бола алмағаны ғой. 

Әдебиет институтының студенттері басқа жастар сияқты күзгі картоп, қызылша жинау жұмыстарына жіберілмей, олар әртүрлі өндіріс, шаруашылық орындарына барып, қалаларға, аудандарға шығып жұртшылықпен кездесулер өткізетін. Соның арқасында Мәскеудің жанындағы қалаларды көріп, өз басым орыстың қарапайым халқының менталитетін де ұға бастаған едім.

Ия, бұл А.М. Горький атындағы Әдебиет институтының киелі де қасиетті қабырғасында бізге дейін де, бізден кейін де қазақтың небір ұшқыр да жарқын, дархан дарынды тұлғалары білім алып, Мәскеудің мәдени-әдеби ортасының тынысымен тыныстап, шығармашылықтың қыры мен сырына қанығып, шыныққаны белгілі. 

- Сіздің ақындығыңыз өз алдына әңгіме, ал соңғы уақытта прозалық шығармаларыңызбен де ел-жұртты елеңдетіп жүрсіз. Өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған Сыр өңірін қамтитын әңгімелер. Оқиғалары да өмірдің өзінен ойып алынғандай. Кейіпкерлері де бірін-бірі қайталамайды: мінездері сан алуан, бірақ бәрінде қазақтың ақ пейілі, аңғалдығы, кеңдігі аңғарылып тұр. Шынымды айтсам, таяуда шыққан «Ақ бура сезімдеріңізді» оқып шығармашылығыңызға тәнті болдым. Бұған қалай келдіңіз? 

- Мен туғалы көрмеген әкемді он төрт жасымда өзім іздеп таптым. Ол - Ибрагим Исабаев - еліне елеулі азамат, жан-жары Нәзігүл анамыз екеуі менің төбемді көкке көтеріп, көңілімді өсіріп, өздерінің дүниеге келген он баласына мені сүйікті әпке ете жүріп, Мәскеуде оқытып, менен кейін сол жақта Шағанбек атты үлкен ұлы дәріс алды, Нұртас інім менің жолымды қуып, Әдебиет институтының поэзия бөліміне түскен. Төртінші курста мамыр мерекесіне ауылға келген ол тағдырдың қиындығына тап болып, көлік апатына ұшырап, жүре алмай, қол арбаға байланып қалды. Өзінің рухының мықтылығымен, жігер-төзімімен қазір халқының сүйікті ақынына айналып, жұртына өнеге болған Нұртас Исабаев он шақты кітаптың авторы, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағының иегері. Бұл сырлар менің қызықты да күрделі өмірімнің аз ғана бөлшегі ғана. Әлі жазылатын талай естеліктер мен хикаяттар баршылық. Аяулы ата-әжем, әке-аналарым, бауырларымның, ардақты да салмақты туған жұртымның жарқын бейнесін биылғы 2009 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан мемлекет тапсырысымен шыққан «Ақ бура сезімдер» атты әңгімелер жинағымда сомдауға тырыстым.

- Отбасыңызбен, жаныңызға жақын жандармен өткізген әсерлі шақтарыңыз жиі еске түсе ме ? 

- 1982 жылы жұбайым Жақсыбай кандидаттық диссертациясын қорғап, мен өзім А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтындағы бесжылдық оқытушылық қызметіммен, он екі жыл ізгіліктің нәрін татқызған алып та, марқасқа Мәскеумен қош айтысып Білім министрлігінің жолдамасымен біз туған елге, Алатау баурайындағы әсем Алматыға бас тіредік. Ол кезде тұңғыш ұлымыз Арнұр сегіз жаста, қызымыз Әйгерім төрт жаста болатын. Мәскеудің тынымсыз да күрделі өмірінен кейін маңғаз Алматы бізге пейіштей көрінетін. Біз үй-ішімізбен тауға құмартып, апта сайын сонда барып, көкірегімізді керіп, тыныстап, серуендеп қайтатынбыз. Қыста шаңғы теуіп, шанамен төмен түсетінбіз.

Жақсыбай Қазақ политехникалық университетіне алғашқы қызметін аға оқытушылықтан бастап, кейін декан болды, докторлық диссертациясын қорғады, профессор атағын алды. Мен Жазушылар Одағына аудармашы болып орналасып, жарты жыл өткенде секретариат меңгерушісі қызметіне ауыстырылдым. Ол кезде Жазушылар Одағының бірінші хатшысы қазақтың адал ұлы, абзал ақын Жұбан Молдағалиев еді, ал екінші хатшысы көрнекті жазушы, драматург, аңқылдаған ақ жүректі, Тереңөзек жерінің қасиетті ұлы Қалтай Мұхамеджанов еді. Бұл ағаларымыздың аялы алақанынан кейін маңдайымнан сипап, Жазушылар Одағының атынан бізге үй берген, айбынды дарынымен талайды табындырған ақын Олжас Сүлейменов бірінші хатшы, екінші хатшы - белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев еді. Жазушылар Одағында он жылдай қызмет еттім. Сол уақыт ішінде өзіміз бір көруді армандап жүрген небір атпал тұлғалармен күнделікті дидарласып, кейбіреулерінің отбасымен туған туысқаннан да жақын араласып тұрдық. Сондай ағамыздың бірі көрнекті қазақ қаламгері, жан-дүниесі нұрлы Оразбек Сәрсенбаев аға мен шапағаты мол Шара апамыздың отбасы еді. Ол кісілердің бізді бауырына басып, барлық ынта-ықыласымен қамқорлық жасағанын қалай ұмытуға болады. Қазақтың ардақты да абзал жазушылары: Кемел Тоқаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Әнес Сараев, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Адам Мекебаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Сағат Әшімбаев сияқты, қаламдары қуатты ұлтымыздың небір қасиетті тұлғаларының мейір-шапағытынан біз қаулап өскенбіз. Халқымыздың аяулы да көркем дарынды, рухы биік ақын қыздары Мариям Хакімжанова, (ол кісі менің алғашқы кітабыма алғысөз жазған еді) Тұрсынхан Әдірахманова, Рза Қунақова, Батима Батырбекова, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова, Мағираш Сарикова, Қанипа Бұғыбаева, Ақұштап Бақтыгереева, Күляш Ахметова сияқты апаларымыздың жанашырлық ықыласына талай бөленгенмін. Ол кісілерге алғысым шексіз! Ал өз замандастарым жайлы әңгімені тағы бір сәті түскенде өрбітуге болар. 

- Сізді жұрт, көбінесе, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік Әнұранының авторларының бірі ретінде біледі. Осыған сіз қалай келдіңіз?

Жаңа жоғарыда айтқанымдай, біз елден тыс жүріп, халқымызға деген жанашырлық, сүйіспеншілік сезімдеріміз арта түсті. Туған елімізге септігіміз тиіп, тірек болсақ екен деп, өзіміздің перзенттік парызымызды өтесек, әркім өз алған мамандығының пайдасын елге тигізсе, тұлға болып өзімізден кейінгілердің көзін ашып, санасын биіктетсек деп армандадық. Жалпы, туған елдің қадір-қасиетіне сырт жерде жүріп жетеді екенсің. Осындай көңілді кернеген озық та албырт ойлармен елге оралдық. 

Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік келді. Мемлекеттік рәміздерге байқау жарияланды. Гимннің сөзіне жарияланған алғашқы байқауға мен де өз өлеңімді жібердім. Ол байқауға 300-ден аса мәтін түсіпті. Оның ішінде майталман ақын ағаларымыз: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтің бірігіп жазған жыры да бар екен. Сол байқауда іріктеліп алынғандардың ішінде белгілі ғалым, Қазақ Советтік социалистік Республикасының Гимнінің сөзін жазған Қайым Мұқаметхановтың, жоғарыда аталған үш ағамыздың және менің де өлеңдеріміз болды. Бұл мәтіндер Жоғарғы Кеңес депутаттарының сессиясында талқыланды.Сол сессияда атақты композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған бұрыңғы социалистік Қазақстанның Гимнінің музыкасы қабылданды. Енді сөзіне қайтадан байқау жариялансын деп ұйғарылды. Екінші байқауда қазақтың көрнекті сол үш ақындарымен бірігіп жазған өлеңіміз, 700-ден астам жыр додасынан жеңіп шығып, мәреге жеткен еді. Сөйтіп, тағдыр маңдайымызға еркіндікке жеткен туған еліміздің алғашқы Әнұранының сөзінің авторлары болуды жазыпты. Қазақтың қарапайым қызы ретінде, әйелдік, аналық, ақындық міндетіммен бірге, елдің, халықтың алдындағы салмағы батпандай осы жауапкершілікті арқалап жүру маған оңай болған жоқ. Ойлап отырсам, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау жолында, халықтың санасын жаңа жүйеге бұрып, елдікке, еркіндікке жаңа тұлғалық көзқарасты қалыптастыруға сол кезде аянбай қызмет еткен елжанды, парасат-пайымы жоғары азаматтар болашақтың қамын ойлай жүріп, тынымсыз тірлік атқарыпты. Сондай жандармен бірге балабақшаларға, мектептерге, колледждерге, жоғарғы оқу орындарына, әскери бөлімшелерге, қоғамдық, өнеркәсіп ұйымдарына, кәсіпкерлер орталықтарына кездесулерге жиі барыппыз. Жұрттың еңсесін көтеріп, ата-бабамыздың рухани құндылықтары мен адами ұстанымдарын, ерлікке, адамгершілікке, адалдыққа, ұрпаққа бағышталған олардың өмір жолдарын жастардың жүрегіне жеткізу үшін, өз-өздеріне, болашаққа деген сенімін арттыруға септігімізді тигізуге тырысып, біраз тер төгіппіз. Мұның бәрі атаққұмарлықтан, немесе біреуге жағымпазданып, өз қолыңды биік дәрежеге, не көздеген бас пайдаға жеткізу үшін емес. Осының ар жағында, егемендіктің алғашқы жылдары тәлтіректеп, аяғын қалт-құлт басып келе жатқан еліміздің абыроймен іргесін бекітуі үшін әрбір көзі ашық перзенттің халық алдындағы өз парызы мен міндетін терең түсінуі жатыр деп білемін. Қоғамымыз нарыққа беталған кездегі алғашқы азапты өткелдерден жүректегі жарқын сенімді шамшырақ етіп, тәуекелге бел байлап, көпшілікпен бірге беліміз майыса жаздап жүріп, жан ышқынысымен жыр жазыппыз. Осының бәрі әрбір шығармашылық иесінің басындағы болған жағдай. Жалпы, ақын-жазушылар болмысынан туған жұртымен тағдырлас қой. Сол бір қиын- қыстау кезеңде әзиз халқымыздың бойындағы бар асыл қасиеттері көрінді.Жұртымыздың жақсылыққа деген ынтызарлығының, ауызбірлігінің, жас жеткіншектер алдындағы орасан жауапкершілікті, тәуелсіздіктің, елдіктің қадір-қасиетін терең ұға білгендігінің арқасында небір ауыртпалықтарға бар жігер-төзімімен төтеп бергенінің сыры мен мұңы, жалыны мен сарыны «Қасиеттілік шырағы» атты өлеңдер жинағымда. Осындайда, үндінің атақты жазушысы, ақын, Нобель сыйлығының иегері Рабиндранат Тагордың: «Елінің арқасында білім алған жан халқына адал қызмет етпесе және ешкімнің санасына ізгі ықпал жасай алмаса - оны қылмыскер деп санау керек»,- деп жазғаны есіме түседі. 

 Шүкір, халқымыз шыңдалып, жылдан жылға еліміздің тұғыры биіктеп келеді. Алдымызда алатын талай асулар бар. Жастарымыздың қанаты қатайып, мейірімді, рух, парасат-пайымы жоғары болып, жайсаң да еңселі тұлғалар көбейіп, жұртымыз өз қадір-қасиетін арттырып, қанағаты мен қайырымы мол, тәлімді, өнегелі, кемелденген елдер қатарынан көрінейік деп тілеймін! 

Қызықты әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Заря Жұманова

Республикалық «Айқын» газеті, 10.04.2010 ж.

author

Жадыра Дәрібаева

АҚЫН

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...