Арал мәселесі мен Семей ядролық сынақ полигонының зардаптары Еуропа Кеңесінде көтерілді

Сурет: СІМ

Жаңалықтар
301

Қазақстан Республикасының Страсбург қаласындағы Бас консулдығы Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде қарусыздану және азаматтардың экологиялық құқықтарына арналған «Әлем үйлесімі: қарусыздану және экологиялық қауіпсіздік» атты фотокөрмесін ұйымдастырды, деп хабарлады madeniportal.kz.

Ашылу салтанатында құттықтау сөзін ҚР Бас консулы Анель Бақытбекқызы, Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Бьёрн Берге, Жапонияның Бас консулы Хироюки Учида және «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Қартоев сөйледі.

Шараны аша отырып, қазақ дипломаты Арал мәселесі туралы егжей-тегжейлі баяндап, экологиялық апаттың миллиондаған адамның денсаулығына әсерін ерекше атап өтті. Ол ғалымдардың тұщы судың жетіспеушілігі, құрғақшылық пен су тасқыны, ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуі, болашақта климаттық көші-қон қаупі және Орталық Азиядан тыс экожүйеге кері әсер ететін қауіптер туралы алаңдаушылығын жеткізді.

«Ядролық сынақтардың және Арал теңізінің құрғауының салдарынан ең көп зардап шеккен ел ретінде Қазақстан бұл адамзаттың ортақ мәселелеріне әлемдік қауымдастықтың назарын аударуды жалғастыруда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Аралды құтқару халықаралық қорына қазіргі төрағалығының басымдықтары және Қазақстанның су секторында инновациялық шешімдерді пайдалану және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі мақсаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында атап көрсетілгендей белгіленді», – деді А.Бақытбекқызы.

Қазақстанның ядролық қарусыздану, таратпау және атомды бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен ынтымақтастықты бірізділікпен нығайтып келе жатқаны аталды. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі 2023 жылы қабылданған ел тарихындағы алғашқы төмен көміртекті даму стратегиясы аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Осы тұрғыда көрме қатысушыларына Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климаты және жасыл энергетика мәселелері бойынша жобалық кеңсесін құру және 2026 жылы елімізде Өңірлік климат саммитін өткізілуі туралы айтылды.

Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Б.Берге фотокөрме қатысушыларына сөйлеген сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздану және экологиялық мәселелерді шешудегі жаһандық күш-жігердегі рөлін жоғары бағалады.

«Қазақстан – ядролық арсеналынан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдаған мемлекет, бұл оның бейбітшілік пен қарусыздануға деген адалдығының символына айналды», – деп атап өтті саясаткер.

Өз сөзінде Б.Берге Арал экологиялық апатына ерекше назар аударды.

«Фотокөрме әлемдегі ең ірі ішкі су айдындарының бірінің онжылдықтар бойы дерлік жоғалып кетуіне және оның ауыр экологиялық, экономикалық және әлеуметтік салдарына кеңінен тоқталады. Осыған байланысты Қазақстан мен басқа да елдердің күш-жігері ядролық қарусызданудың жаңа жолдарын табуға және планетадағы экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал етеді», – деді Б.Берге.

Жапонияның Бас консулы Х.Учида өз сөзінде Жапония мен Қазақстан арасындағы ядролық қарусыздану саласындағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалады.

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, жаһандық ядролық қарусыздануда маңызды рөл атқарды. 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбалаулардан кейін Қазақстан да Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың ауыр зардаптарын бастан кешірді. Жапония зардап шеккендерге көмек көрсету және радиоактивті ластануды жою бойынша түрлі жобаларда Қазақстанды толық қолдайды», – деп мәлімдеді дипломат.

Х.Учида атап өткендей, Қазақстанның бастамасы мен «Невада-Семей» ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалысы арқасында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылды, бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын одан әрі нығайтты.

Көрме аясындағы әңгіме барысында А.Бақытбекқызы Мемлекет басшысының Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру туралы бастамасын ілгерілету жөніндегі Қазақстанның белсенді жұмысы туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар іс-шара қатысушыларына ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауы барысында 6 қазанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша ұлттық референдум өтетіні туралы маңызды мәлімдеме жасағанын да айтты.

Көрмеге шақырылған қонақтардың қатарында дипломатиялық корпус өкілдері, Еуропа Кеңесінің басшылығы мен қызметкерлері, Страсбург қаласы әкімдігі мен префектурасының ресми тұлғалары, іскерлік орта өкілдері, «Қазақстан достары», сондай-ақ Үлкен Шығыс өңірінде тұратын және оқитын отандастарымыз болды.

Фотокөрменің ашылу салтанатында қазақ студенті Е.Дукеннің орындауында домбырамен музыкалық композиция орындалды.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...