Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайратке...
Ассамблеялықтар қымызмұрындық дәстүрін жаңғыртты
"Рухани жаңғыру" мен "Қазақтану" жобасын ұштастыра отырып, іс-шаралар ұйымдастыру бүгінгі күні жер жердегі Қазақстан халқы Ассамблеясы орталықтарының дәстүріне айналған. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырта отырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді басқалаларға таныту үшін, қазақ ұлтын таныту аясында өтіп жатқан іс-шаралардың маңызы да зор! Осы орайда жақында қымызмұрындық дәстүрін Алматы қаласы,Алматы облысына қарасты этномәдени орталықтар кең көлемде атап өтті.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты қымыз өндірудің қыр-сырымен таныстыру, ұмыт бола бастаған дәстүр-кәделеріміз бен ұлттық спорт түрлерін жаңғырту.
«Биенің сүті – сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?!» деп Ақтамберді жырау жырлағандай, ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында өскен қазақ халқы қымыз баптауға ерекше мән берген. Зерттеушілердің пайымдауынша, қымыздың отызға жуық түрі бар. Саумалдан бесті қымызға дейінгісін жұрттың көбі біледі. Ал одан кейінгілерін атап бере алмай, қиналатынымыз жасырын емес.
«Қымызмұрындық», «Сірге мөлдіретер» сияқты мерекелеріміз де жадымыздан жойылып кете жаздап, қайта оралды. Қымызмұрындық – желіге құлын байланып, бие сауылып, алғашқы қымыз қоры жиналғанда аталып өтетін қымыз ішу тойы.
Ғабит Тұрсынбай, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары:
- Осы жерге Кеген ауданының 14 ауылдық округі 14 қазақ үй тікті. Барлық этномәдени орталықтардың басшылары келді. Олар биені қалай сауу, желіге құлынды қалай байлау, желіні майлау, аластау күбіні, бата беруін ақсақалдың өз көздерімен көрді.
Жанен Доданова, шараға қатысушы:
- Менің бар айтарым – бүгінгідей мереке, бүгінгідей қуаныш, бүгінгідей ынтымақ, салтанат, қазақтың ескі дәстүрі «Рухани жаңғырудың» арқасында ары қарай дами берсе екен, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсе екен деген үлкен аналық тілегім.
«Қымызмұрындық-2018» шарасына Кеген ауданындағы 22 жайлаудан 1,5 тонна қымыз жеткізілді. Әр жайлаудың өнімі әртүрлі болып келеді. Биенің сүтінде 28 түрлі дәрумен бар. Сондықтан ол көптеген аурулардың алдын алатын қасиетке ие. Қымыздың жақсы-жаман болуы, ең алдымен биенің жеген шөбіне байланысты болса, жер бетіндегі жерұйық мекенге баланған Кегеннің тауларында шөптің мыңға жуық түрі өседі.
Тәңірберген Қасымберкебаев, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры:
- Әр этностың өкілдері әр ауданнан келіп, жайлау кезінде өтетін Қымызмұрындық мерекесі керемет шара екен. Соны қажет болса, ЮНЕСКО-ның көлемінде тіркетуге болады екен деген ұсыныстар айтып жатыр. Біз осыны қолдаймыз.
Осылайша аталған шараға қатысуға келген меймандар мен жергілікті тұрғындар тегін қымыз ішіп, ұлттық спорт түрлерін тамашалап, бір жасап қалды. Олар «Қымызмұрындықтан күздің күні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі сірге мөлдіретерге дейін дастарханымыздан қымыз үзілмесін, ақ мол болсын, еліміздің береке-бірлігі артып, ынтымағы нығая берсін!» деген тілекпен тарқасты.
Еркенұр Ерзия
Madeniet.kz