Астанада «Достар серті» мюзиклі сахналанды
Фото: «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театры
Астанада «Достар серті» мюзиклі сахналанды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Астана қаласындағы «Қазақконцерт» залында «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының репертуарындағы көрермен сүйіспеншілігіне ие болған «Достар серті» мюзиклі қайта қойылды.
2016 жылдың 16 қазанында премьерасы өткен бұл қойылым жылдар бойы жоғары бағаланып, театрдың негізгі сахналық туындыларының біріне айналды. Мюзиклде қазақ музыкасының алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, сондай-ақ «Дос-Мұқасан» тобының әйгілі әндері орындалды. Сонымен қатар, әлемге танымал The Beatles тобының шығармалары мен заманауи стильдегі композициялар да көрерменге ұсынылды.
Қойылым желісі 1960–70 жылдардағы кезеңді қамтиды. Әр өңірден арман қуып, консерваторияға оқуға келген төрт жас жігіттің өмір жолы, достыққа адалдығы, алғашқы махаббаттары мен жастық шақтағы қызықты оқиғалары сахнада әсерлі түрде бейнеленеді. Романтик, мақсатшыл, әзілқой және салмақты мінезді кейіпкерлердің әрқайсысы өмірлік сынақтарды бірге еңсеріп, достықтың шынайы құндылығын көрсетеді.