Түркияның Кахраманмараш провинциясында зілзаладан көз жұмған адамдар саны 3381 адамға жетті, 20426 а...
Аудан орталықтарында 200-ге жуық NIS тірек мектептері құрылады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» қамқоршылық кеңесінің отырысында дербес білім беру ұйымының алдағы 10 жылғы даму стратегиясы қаралды, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин атап өткендей, ұйым жұмысында технологиялар трансфертіне ерекше мән берілмек. Сондықтан мұғалімдерді қайта даярлау, оқытудың жаңа технологиялары мен оқушылардың үлгерімін бағалау жөніндегі ішкі жүйені енгізу үшін аудан орталықтарында 200 тірек мектеп құру жоспарлануда. Қазір осы бағытта жұмыс істеп тұрған 85 нысан нәтижелілігін көрсете білді. Мәселен, Атырау облысының мектептері PISA нәтижесі бойынша үлгерім деңгейін 23 балға арттырған.
Даму стратегиясы негізгі үш бағытты қамтиды.
«Алғашқысы – Назарбаев Зияткерлік мектептері потенциалын білім берудегі алдыңғы қатарлы технологияларын жасақтаушы және бейімдеуші үздік кейс есебінде ары қарай дамыту. Екінші бағыт елде зияткерлік капиталды дамыту мақсатында осы әдістемені жалпы білім беретін мекемелерге таратуды қарастырады. Үшіншісі қазақстандық білім беру брендін шетелде кеңірек дамытуды көздейді», — деді Ә. Жанғозин.
Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде Қазақстанның білім беру брендін қалыптастыру маңызды. Бүгінде NIS базасында Орталық Азия елдері, РФ, Әзербайжан ұстаздары оқудан өтті. Африка құрлығының бірқатар мемлекетінің ұстаздарын қайта даярлау ісі аяқталуға жақын. Осылайша отандық білім беру өнімін экспорттауға жағдай жасалуда.
Әнуар Жанғозин Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрі халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік береді деген сенімде. Білім ордасынан түлеп ұшқан 550 азамат әлемнің үздік 100 университетіне оқуға түскен. Мектептің бағдарламасы 60 беделді жоғары оқу орнымен мойындалған.
«Бұл даму стратегиясы тек Назарбаев Зияткерлік мектептерге ғана емес, жалпы білім беру саласына қатысты. Себебі дербес білім беру ұйымы оқу сапасын арттыруға бағытталған ұлттық баяндама жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады. 15 жылда мектеп оқытудың үздік тәжірибесін қалыптастыра алды. Енді оны өзге білім ошақтарына тарату біз үшін маңызды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Ұсынылған даму стратегиясын қамқоршылық кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Мекеменің қаржылық тұрақтылығы, қолда бар ресурстарды пайдалану, ұстаздар резервін қалыптастыруға қатысты ұсыныстарын да жеткізді.