Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...
«Ауыл» Халықтық – Демократиялық Патриоттық партиясының үндеуі
Құрметті отандастар!
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жолдауы – өткенге есеп, болашаққа бағдар беретін маңызды шара. Ол алдыңғы реформалардың заңды жалғасы.
Бұл жолғы Жолдауда көтерілген әлеуметтік – экономикалық мәселелер кешені ауқымды әрі бүгінгі таңда өте өзекті. Жолдау жаңа экономикалық саясатты қалыптастыруға, түрлі салалардағы қордаланған мәселелерді шеше отырып, олардың әлеуетін арттыруға бағытталған.
Президент осы Жолдауы барысында ел экономикасын ілгері сүйрейтін әлеуетті салалар ретінде: өндіріс пен қайта өңдеуді, геобарлау мен тау – кен саласын, жасыл экономика, атом энергетикасы, көлік – логистика, цифрландыру және инновация, креативті индустрия, кәсіпкерлікті қолдау, макроэкономикалық саясат және т.б. атап өтті.
Біз – басты міндеті ауылды аймақты өркендетуге бағытталған «Ауыл» партиясы, олардың қатарында – отандық агроөнеркәсіп кешені мен су мәселесінің айтылуын үлкен толғаныспен қабылдадық.
Мемлекет басшысы Агроөнеркәсіп кешеніне арнайы тоқталып, аталған саладағы стратегиялық мақсат – Еуразиядағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу және оған қол жеткізу үшін өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу керектігін айтты. Сонымен қатар, алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жайында нақты тапсырма берді. Бұл аграрлық әлеуеті орасан еліміз үшін аса маңызды әрі қажет қадам. Жолдауда, шаруа үшін маңызды бастама – саладағы тауар өндірушілерді ынталандыру мақсатында салық саясатын қайта қарау мен ауылшаруашылығы техникалары паркін жыл сайын 8 - 10 пайызға жаңалап отыру тапсырылды. «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар мен партия қызметкерлерінің халықпен кездесулері барысында осы мәселелер жиі көтерілетін.
Су мәселесі де тұтас еліміздіқамтитын, күн тәртібінен түспей тұрған күрделі тақырып. Президент кешегі Жолдауында аталған саладағы мәселелер кешенін дәл айқындап, шешу жолдарын ұсынды. Атап айтқанда, ортақ трансшекаралық су ресурстарын көрші елдермен бірлесе пайдалану, суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суды мол қажет ететін дақылдардан біртіндеп бас тарту, тозығы жеткен суару жүйелерін қалыпқа келтіру, көктемгі қызыл су мен күзгі жауын суын жинақтау мақсатында жаңа суқоймаларын салу, қолданыстағы тозған суқоймаларды жөндеуден өткізу және т.б. бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ең бастысы осы жұмыстарды реттеп, үйлестіретін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатын болды.
Мемлекетіміз көп жылдан бері көлік инфрақұрылымын дамытуға күш салып, Еуропа мен Азия арасындағы ірі логистикалық хабқа айналуға басымдық беріп келеді. Аталған саланың да экономикамыздың драйверіне айналу әлеуеті жоғары. Президенттің кешегі Жолдауы барысында бұл салаға да баса көңіл бөліп, арнайы Көлік министрлігін құру туралы шешімі зор қуанышпен қарсы алынды.
Осылайша, Президенттің бұл жолғы Жолдауы да халықтың көкейінде жүрген көптеген өзекті сауалға жауап беріп, ел экономикасын дамытуда тың серпін беретін алғышарттар жасады деп санаймыз.
Біз, «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері, Партия атынан сайланған ҚР Парламентінің және жергілікті мәслихаттар депутаттары, Партияның аға буын өкілдері мен жастары бас қосып, Президенттің Жолдауын толықтай қолдайтынымызды мәлімдейміз!
Қандай реформа болмасын ел игілігіне жасалады. Алайда, оның жүзеге асуы үшін тұтас ел болып күш біріктіруіміз қажет!
Жоғарыда аталғандарды және бастысы елдік мүддені негізге алып, әрбіріміздің отан алдындағы борышымызды сезіне отырып, баршаңызды, Мемлекет басшысының Жолдауын қолдауға және оны жүзеге асыруда жұмыла еңбектенуге шақырамыз!
Үндеу «Ауыл» партиясы активінің жиынында қабылданды
02.09.2023 ж.