... когда большая страна, как больной организм, разрушает самые молодые и сильные свои клетки В...
«Ауылдағы мұғалімдердің басым бөлігі — сауатсыз»: Қоғам белсендісі бар шындығын айтты
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қоғам белсендісі Гаухар Жолмаханбет әлеуметтік желіде мұғалімдер жайлы сөз қозғады, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
"Осындағы мұғалімдердің сауатсыздығы туралы айтылған бір постқа :» Көбіне ауылды жердегі мұғалімдер сауатсыз»- деп пікір жазып кеткенмін. Сөйтсем, біраз адам шамданып қалыпты. «Бәріміз де ауылдан шыққанбыз», «Мықты азаматтардың көбі ауылдан шыққан» ,»Қала да оңып тұрған жоқ» т.с.с деп жатыр екен. Мен де өз уәжімді айтайын. Жалпы мәселе шешілу үшін оны мойындау деген бар. Яғни сен өзіңдегі мәселені түсінбей немесе түсінгің келмей тұрса ештеңе жуық арада шешіле қоймасы анық.
Сол сияқты білім саласындағы кемшілікті ашық айтпай, жауырды жаба тоқудан пайда жоқ.
Сізге ұнаса да ұнамаса да ауыл деградацияға ұшырауда. Баяғы кең пейілді, ақ ниетті, қолындағысын бөліп беретін ауыл жоқ қазір.
Әлгі «Бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтынға» айналған бәрі.
Ауылда мектептен басқа өркениет ошағы жоқтың қасы. Клуб, кітапхана дегендер бар деген аты ғана. Ал сол өркениет ошағы болуға тиіс мектеп өз қызметін атқарып тұр ма?
Мұғалім дегенде баяғы біздің кездегі сауатты мұғалімдер жоқ. Төрт- бес бала туып, әбден миы ашыған әйелдер жұмысқа шыққысы кеп жан-жағына қараса, ауылда мектептен басқа жұмысқа кіретін жер жоқ. Сосын сырттай оқуға тапсырып қойып, сол мектепте сабақ беріп кетті. Ондай мұғалімнен сабақ алған бала сосын қайдан сауатты болсын.
Байқағаным не мұғалім не ата-ана не оқушы кітап оқымайды. Кітап оқымайтын мұғалім оқушыларға не айтады? Кітап оқымайтын ата-ана баласына не үйретеді?", - дейді қоғам белсендісі.
Оның сөзінше ауылда кітап оқитындар қатары мүлдем аз.
"Бір ауылдың кітапханасына кіріп көрдім. Кітапханашыдан: «Ауылдың адамдары кітап ала ма оқуға?» — деп сұрадым. Жоқ, ешкім оқымайды деді. Бұл дегенің катастрофа!
Қаладағыдай 30 оқушы емес, бір класта 4-5 ары кетсе 7-8 оқушысы бар мектептің бір мұғалімімен сөйлестім.
«Неге балаларыңыз сауатсыз? 4-5 оқушы деген қалалы жерде индивидуально айналысқанмен тең. Сіздер әр баланы 5- ке шығаратын уақыттарыңыз болған жоқ па?» — дедім.
Ананы мынаны сылтауратты. Ата-аналарды кінәлады. Жауап бере алмады.
Ата- ана деген түрлі- түрлі бола береді ғой, бәрі бірдей ақылды болса қанеки. Мұғалім сәл табандылық, ақылдылық көрсетіп, бәрінен бұрын обал- сауапты ойлауы керек емес пе?
Ауылдың деградацияға ұшырауына да бірден бір себепкер солар деп ойлаймын. Айналасына ізгілік шашатын мұғалім қазір жоқтың қасы.
Енді неге ауылда сауатсыз мұғалім көп дегенге келсек, ауылдағы ағайын-туыстық, рушылдықтың да әсерін жоққа шығара алмаймыз.
«Бала сендердікі, неге талап етпейсіңдер?- деген сұрағыма, «ұят қой» деген жауап алдым. Ауылда пәленшенің баласы, түгеншенің келіні, әке- шешесінен ұят деген түсінік әлі бар. Ал бүкіл мектепті сауатсыздық жайлағаны ұят емес сияқты.
Қорыта келгенде адамның бойында обал-сауап, біреудің болашағына қиянат жасамау деген сезімдер болмаса қиын екен. Дәл мұғалім мамандығын таңдағандар осыны түсінсінші. Баланың бойына ізгілік егу ең басты міндетім деп ойласыншы.
Өсіп келе жатқан баланың білімді болуы сенің қолыңда мұғалім! Білім — баланың тағдырын өзгертеді!", - Гаухар Жолмаханбет.