Облыстық ТЖД-ның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта облыстың таулы аудандарында жағдай тұрақты, деп хабар...
«Ауылыма кітап» акциясы: Ақмола облысының ауылдық кітапханаларына 200-ден астам кітап табысталды
Бүгін «Ауылыма кітап» акциясы аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілдері Ақмола облысы Целиноград ауданы орталық аудандық кітапханасының қорына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 200-ден астам әдеби-көркем және балаларға арналаған оқулықтарды табыстады, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысы барысында мектеп оқушылары арасында Оқу сауаттылығы деңгейін арттыру қажеттігін атап өткен. Ол жерде мектептер мен кітапханаларға ерекше рөл берілуі де аталды. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мектептердің кітап қорларының қолжетімділігі мен сапасының деңгейі қалалық және республикалық мектептерден айтарлықтай ерекшеленетіні де сөз болған.
Осыған байланысты, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның бастамасымен Қазақстандағы Отбасы күніне арналған «Ауылыма кітап» республикалық қайырымдылық акциясы басталған болатын. Осы акция шеңберінде оқу мәдениетін ілгерілету мақсатында танымдық әдебиеттер мен балаларға арналған оқулықтар кітап қоры жеткіліксіз ауыл мектептері мен кітапханаларына табысталып келеді.
Бүгін Целиноград ауданының орталық аудандық кітапханасына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде шығарылған және де министр Аида Ғалымқызының жеке кітапханасынан, сондай-ақ «Dauletten қоры» қайырымдылық қоры ұсынған кітаптар мен оқулықтар табысталды. Аталмыш іс-шараны Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Оспанбеков Бахыдбек Амантайұлы да қолдап, өз тарапынан ауылдық білім жағдайына жасалып жатқан көмек үшін жылы лебізін білдірді.
«Біз «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтынан екі жүзден астам кітап алдық. Өте қызықты, балалар әдебиеті көп. Олар ауданымыздың 15 ауылдық кітапханасына жеткізілетін болады. Осындай акция үшін және ауылдық кітапханаларға көңіл бөлгеніңіз үшін алғыс айтқым келеді», - деді Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Валентина Батракова.
Өз кезегінде, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Асылбек Есенбаев барлық ниет білдірушілерді қайырымдылық акциясына қосылуға және еліміздің ауыл мектептерінің кітапханалары мен кітап қорын толықтыруға шақырды. Сонымен қатар, ол кітапханалар тартылыс орталығына айналуы тиіс екенін де атап өтті.
«Кейде қоғамда кітапханалар өткеннің рудименті, қалдығы деген түсінік айтылады. Балалар мен жасөспірімдердің назарын аудару үшін кітапханалар, ең алдымен, кітап алып қана қоймай, сөйлесуге, танысуға болатын қоғамдық орталықтар болуы керек. Мұндай тәсілдерді дамыту қажет», - деп атап өтті Асылбек Есенбаев.