Балаева «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

Ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
79

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналисі Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, қылмыстық қудалаудың себебі сатира жанры емес, Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмысты жасады деген күдік екенін айтты, деп хабарлады MadeniPortal.kz. 

Министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде журналист жоғары лауазымды шенеуніктерге арналған сатиралық материалдары үшін ғана ұсталды деген мәлімдемелер тарап жатыр. Алайда, Балаеваның сөзінше, мұндай түсіндіру тағылған күдіктің мәніне сәйкес келмейді. Ол Қазақстанда сөз бостандығына Конституциямен кепілдік берілгенін және цензураға тыйым салынғанын атап өтті.

«Сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды, олар үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

«Менің түсінуімше, ол дәл осы бапты бұзды деген күдікпен ұсталған. Мәселе мынада: араздықтың кез келген түрін қоздыру белгілері бар ақпарат пен контентті тарату заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі, тіпті мұндай материал сатира түрінде ұсынылғанның өзінде. Бұл жерде барлығымызға ортақ жауапкершілік бар деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, жаңартылған Конституцияда "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты ретінде бекітілген. Сондықтан оны бұзғаны үшін жауапкершілік қызмет түріне қарамастан барлық азаматқа бірдей қолданылады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін әріптестерімізге заң талаптарын бұзудың тәуекелдерін кеңінен түсіндіру қажет деп санаймын», – деді министр.

Осыған байланысты Аида Балаева құқық қорғаушыларды Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, азаматтарға заңнама талаптарын, оның ішінде араздықты қоздыруға және жалған ақпарат таратуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бурабай ауданындағы көл жағасында демалушылар арасында жанжал шығып, соңы пышақтасуға ұласты. Оқиға...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр қылмыс жасаған ер адамға сот үкімі шықты, деп...