АҚШ-та Трамп пен Маскқа қарсы жаппай митинг өтіп жатыр, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Белсенділер...
«Балам басын жерге қатты соқты»: Маңғыстауда жаңа вокзалдың эскалаторынан бала мен әжесі құлап кетті
видеодан алынған скрин
Маңғыстау облысында жаңа теміржол вокзалындағы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы эскалатордан мүгедектігі бар бала мен оның әжесі құлап кеткен. Бала басынан қатты соққы алған. Оқиғадан кейін анасы полицияға арыз жазды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға 3 қарашада болған. Баланың анасының айтуынша, отбасы әжесін шығарып салу үшін жаңа теміржол вокзалына келген. Ғимаратқа кіреберісте әжесі I топтағы мүгедектігі бар немересін арбамен арнайы көтерілетін жол арқылы алып өтпек болған. Алайда екеуі көтеріле бергенде құлап кеткен.
«Әжесі баламды арбамен алып бара жатқанда екеуі де құлап қалды. Балам басын жерге қатты соғып алды. Мен оны өзім көтердім, ал әжесіне басқа жолаушылар көмектесті. Бірақ вокзал қызметкерлерінің ешқайсысы жақындап, көмек көрсеткен жоқ. Медициналық көмек те ұсынылмады», – дейді әйел.
Оқиғадан кейін баланың анасы вокзал басшылығына жүгінген. Оның сөзінше, жауапты қызметкерлер арнайы жолдың еңістігі 12 пайыз екенін және белгіленген талаптарға сай келетінін айтқан.
Алайда әйел мұндай құрылғының арбадағы адамдар үшін қауіпті екенін алға тартты.
«Арбаның, баланың және оны алып жүрген адамның жалпы салмағы 150 келіге жуықтайды. Осындай еңіспен арбаны алып жүру қаншалықты қиын екенін елестетіп көріңіздер. Мен 11 жылдан бері мүгедектігі бар баламды жалғыз тәрбиелеп келемін. Қолайлы пандустың қандай болуы керегін жақсы білемін», – деді ол.
Баланың анасы әлеуметтік желіге бейнежазба жариялаудағы мақсаты вокзал басшылығын қаралау емес, басқа адамдардың осындай жағдайға тап болуына жол бермеу екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кейін полиция қызметкерлері хабарласып, оқиға бойынша арыз жазуды сұраған. Әйел бастапқыда бас тартқанымен, ақырында арыз түсірген.
«Менің мақсатым – біреуді жазалату емес. Осы қауіпті пандус пен эскалаторды қайта жасап, адамдар үшін қауіпсіз ету», – деді баланың анасы.
Әзірге вокзал әкімшілігінің оқиғаға қатысты ресми түсініктемесі мен баланың денсаулық жағдайы туралы қосымша ақпарат жарияланбаған.