Мәскеудің шығыс ауданында аса ауыр қылмыс тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам туған қарында...
Белгілі ақын Гүлзада Ниетқалиева дүниеден өтті
Фото: ашық дереккөзден
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Гүлзада Ниетқалиева 60 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Гүлзада Рахметқызы Ниетқалиева 1966 жылғы 1 маусымда Атырау облысы Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында дүниеге келген. Гурьев педагогика институтының тарих факультетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.
Қаламгер еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1987–2000 жылдары Құрманғазы ауданындағы мектептерде мұғалім болып қызмет атқарған.
Кейін журналистика саласына ауысып, 2000–2005 жылдары Атырау облыстық телевизиясында аға редактор болған. Одан кейін «Ақ Жайық» апталық газетінде, «Қайсар» басылымында және облыстық «Атырау» газетінде жауапты қызметтер атқарған.
Қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырды
Гүлзада Ниетқалиева «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары» және «Аллажар» атты жыр жинақтарының авторы.
Ақын поэзиямен қатар әдеби зерттеу саласында да еңбек етті. Ол Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған «Тұма жырдың тұнығы», сондай-ақ Рахымжан Отарбаев туралы «Дара» және «Жалғыз атты жолаушы» монографияларын жазған.
Гүлзада Ниетқалиева туған өлкесінің табиғаты мен ел өмірін өлеңдеріне арқау етіп, әдеби ортада «Қиғаштың қарлығашы» деген атқа ие болған.
2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай «Махамбет-200» телехабарлар топтамасын жүргізіп, «Қарой қасіреті» дастанын жазған.
Қаламгер 2021 жылдан бастап республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени журналының бас редакторы қызметін атқарған.
2026 жылы Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Ғылыми кеңесі оған Құрметті профессор атағын берген.