Ұлытау облысында танысына пышақ сұғып, оның өліміне себепкер болған ер адамға сот үкімі шықты, деп х...
Бас мүфти Наурызбай қажы қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады
Сурет: Muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамдағы әйелге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты жазба жариялады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бас мүфти өз сөзінде отбасы әйел адам өзін қауіпсіз әрі қадірлі сезінетін мекен болуы керектігін атап өтті.
«Әйелге қол көтеру – ерлік емес. Кейде қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады. Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», – деп жазды Наурызбай қажы.
ҚМДБ төрағасы ер азаматтың отбасына деген қарым-қатынасына ислам дінінде ерекше мән берілетінін айтып, Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың» деген өсиетін еске салды.
Оның айтуынша, ашумен жасалған әрекет пен айтылған ауыр сөз адамның жан дүниесіне ұзақ уақыт жазылмайтын жара салуы мүмкін.
«Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді», – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ Наурызбай қажы әрбір ата-ана қызын өзге шаңыраққа үлкен үмітпен ұзататынын айтып, сол аманатқа қиянат жасамауға шақырды.
«Отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс. Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – "Барған жерінде бақытты болсын". Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», – деп түйіндеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.