«Бір жаңалыққа бола мыңдаған адам баспанадан қағылды»: Смағұлов Ұлттық банктің кемшілігін атады

Фото: freepik

ЖАҢАЛЫҚТАР
1257

Қазақстанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі сынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.

Қоғамдық белсенді Дидар Смағұловтың айтуынша, осы шешімнің салдарынан мыңдаған азамат ипотекалық несие мақұлданып тұрғанына қарамастан баспана алу мүмкіндігінен айырылған. 

«Тұтынушыларды Ұлттық банктің бір әрекеттерінен келген зияннан кім қорғайды? Реттеушінің саясаты – Астананың ауа райы сияқты: тұрақтылық пен болжамдаудан ада. 10 қазанда аспаннан жай түскендей базалық мөлшерлеменің 18%-ға көтерілгені туралы жаңалық шықты. Ал банктерден кепілдеме хат алған мыңдаған азамат баспана алу мүмкіндігін жоғалтты. Екінші деңгейлі банктер бұл хаттарды жай ғана кері қайтарып алды», – деді Смағұлов. 

Оның айтуынша, кепілдеме хат алу үшін адам барлық бөліп төлеу мен несиелерін жауып, скорингтен өтуі тиіс. 

«Адамдар ақша іздеп, өзгенің ипотекасын жауып, ескі баспананы кепілдіктен шығару үшін шығындалады. Бұл – үлкен қаржылық салмақ пен күйзеліс. Бірақ банк шешімін жай ғана жоққа шығара алады, ал адамның бар еңбегі зая кетеді. Осындай жағдайда тұтынушылардың құқығын кім қорғайды?» – деді белсенді.