Жас ғұмырын қаламгерлікке арнап, кітап жазған журналист, жас жазушы Жамиля Бахтиярқызының шығармашыл...
«Бүгін суретін берді, өзі жоқ»: жоғалған 8 жасар Жаннұрдың анасы елді жылатты
әлеуметтік желіден
Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жасар Жаннұрдың тағдыры әлі белгісіз. Баланың анасының жан тебірентерлік хатын журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Журналистің айтуынша, қайғылы жағдай 2026 жылдың 23 наурызында болған. 8 жасар бала Келес өзеніне ағып кетіп, содан кейін оны екі ай бойы іздегенімен, нәтиже болмаған.
Жаннұрдың анасы жақында баласының үздіктер тақтасына ілінген суретін қолына алған. Баласының өзі жоқта суретін алу анаға ауыр тиген.
«Бүгін суретін беріп жіберіпті. Қандай ауыр, жаным-ай. Суреті бар, өзі жоқ. Қайдан бардың сол Келеске, балам? Неге ердің біреудің баласына? Сорлы басым, сені сол күні үйден неге шығардым екен? Кешір мені, ұлым, сені қорғай алмадым. Маған сенсіз өте ауыр. Сенсіз өмір сүру өте қиын. Сағындым сені, Жаннұрым», – деп жазған анасы.
Гүлмира Әбіқай бұл хаттың өзін де толқытқанын жеткізді.
«Жаннұрдың анасы бір тілім хат жіберіп, мені де жылатты. Естеріңізде болса, 23.03.26 Түркістан облысындағы Келес өзеніне 8 жасар бала ағып кеткен еді. Екі ай бойы денесін іздегенімен, таба алмады. Содан бері алтыншы ай... Жаннұрдың не өзі жоқ, не денесі табылған жоқ. Өмірде ең қиыны – белгісіздік», – деп жазды журналист.
Ол Жаннұрдың отбасына сабыр тілеп, баласының дерегін күткен ана үшін белгісіздік аса ауыр сынақ болып отырғанын атап өтті.