Олжас Бектенов Қазақстанның 12-премьер-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы madeniportal.kz...
Бүгін ұлттық валюта – теңге күні
Теңге тарихы
Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген еді.
Бұл жайында Нұрсұлтан Назарбаев: «ИЛ-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қоймасын жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі 18 рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банктерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», - деп еске алған еді.
Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар бейнеленді. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.
Теңге мен монеталар қайда басып шығарылады
Төл теңгеміздің алғашқы банкноталары Британияның «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шығарылған еді. Алайда, оның шығыны көп болатын. Сондықтан да қаражатты үнемдеу үшін өндіріс орнын жаңадан салынғанша «Гидромаш» АҚ зауыты корпусының бірін банкнот өндірісі талаптарына сай қайта жаңарту туралы шешім қабылданды. Ал 1995 жылғы 19 мамырда банкнота өндірісіне қажетті база құрылғаннан кейін Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнота шықты. Сөйтіп, Банкнота фабрикасының өнімділігі жобаланған мөлшерге жақындады. 1997 жылы Банкнота фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігін шығара бастады. Қазір жинаған тәжірибе мен көпжылдық жұмыстың арқасында Банкнота фабрикасы өзінің полиграфия базасында банкнота шығару ісін толығымен жолға қойды. Банкноталар сапа мен технологияның барлық әлемдік стандартына жауап береді.
Ұлттық валюта монеталарына тоқталар болсақ, Қазақстан монета сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды. Айналымдағы монеталардың алғашқы өндірілген партиясы 1993 жылы Қазақстан монета сарайында шығарылды. Кәсіпорын түсті металдардан, алтыннан және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығаруға байланысты Ұлттық Банктің тапсырыстарын орындайды. Бұлар – айналымдағы әртүрлі номиналдағы монеталар, естелік, коллекциялық монеталар. Соның ішінде диаметрі 100 мм және салмағы 2 килограмға дейінгі proof сападағы бағалы металдардан жасалған бірегей бұйымдар да бар. Монета сарайы сонымен қатар мемлекеттік наградалар мен медальдар да шығарады.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Монета сарайы 999,9 сынамалы күміс және алтыннан жасалған инвестициялық монеталарды шығарады. Мәселен, салмағы 31,2 грамм болатын 1 теңгелік KUMIS BARYS монетасын 12 469 теңгеге, ал салмағы 331 грамдық 10 теңгелік KUMIS BARY монетасын 1147 910 теңгеге сатып алуға болады. Салмағы 3,11 грамдық 10 теңгелік ALTYN BARYS монетасының құны 103 667 теңге, салмағы 155,5 грамдық 500 теңгелік ALTYN BARYS монетасының құны 4 728 933 теңгеге бағаланады.
Теңге қаншалықты қорғалған
Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі. Номиналы 20 000 теңгелік Қазақстан банкнотасы ең жақсы қорғалған теңге банкнота саналады. 2022 жылғы 1 қазанда айналымға шыққан номиналы 20 000 теңге болатын банкнотаның 25 қорғаныш элементі бар. Әлемде алғашқылардың бірі болып осы элементті ақша белгілеріне енгізу, ұлттық валютаның дизайнын жетілдіру, жалпы теңгеде озық технологияларды пайдалану – қорғаныс қасиеттерін күшейтуге байланысты тұрақты жұмыстың бір бөлігі.
Халықаралық банкнота қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноталарын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы, Қазақстан банкноталары әлемдегі қорғалған әрі әдемі банкноталардың бірі ретінде халықаралық аренадағы 10-нан астам марапатқа ие болды.
Ұлттық валюта марапаттары
2000 жылдан бері Қазақстан монета сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық конкурстарға қатысып, әртүрлі номинациялар бойынша 20-дан астам марапатқа ие болды.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан монеталарында ежелгі монета соғу дәстүрі мен заманауи технологиялар сәтті үйлесім тапқан. Айналымдағы монеталар да коллекциялық монеталар сияқты кәсіпқойлар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алған. Оған қазақстандық монеташылардың Базельдегі Дүниежүзілік нумизматикалық конференция-көрмеге 2001 жылдан бері қатысып келе жатқаны, Сан-Франциско, Сингапур, Бейжің, Берлиндегі көрмелер сияқты беделді форумдарға қатысуы, сондай-ақ коллекционерлердің Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Қазақстан Теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан көптеген сұрағы мен пікірі дәлел бола алады.
Қазақстан монеталары әлемдік каталогтарға енген, нумизматикалық құндылыққа ие. Бүгінде олардың кейбірі, мысалы, алты мың дана тиражбен Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай соғылған күміс монета тек отандық қана емес, әлемдік нарықта да расымен сирек кездеседі. Сонымен қатар, «петроглифтер», «Қызыл кітап» сериясындағы монета коллекцияларына, «әлемдегі ең кішкентай алтын монеталар» сериясындағы алтын монеталарға, сондай-ақ FIFA халықаралық ұйымы және Афина, Туриндегі олимпиадалар үшін Халықаралық олимпиада комитеті тапсырыс берген спорт сериясының монеталарына сұраныс айтарлықтай өсті.
Биыл 3 ақпанда Ұлттық банктің Берлиндегі Медиа-форумда World Money Fair дүниежүзілік ақша конференциясына қатысуы аясында BALQASH ALABUǴASY Қазақстан монетасының премьерасы өтті. Бұл монетаның дизайн концепциясын әзірлеген кезде Ұлттық банк мамандары тың технологияларды қолдану туралы шешім қабылдады. Қазақстан монета сарайы күрделі рельефті 3D технологиясын қолдана отырып, инновациялық монетаны сынақтан өткізді.
Цифрлық теңге
Ұлттық банктің инфрақұрылымында цифрлық биометриялық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар нарық қатысушыларына картаны, интернет-төлемді, QR-кодты, мобильді банкингті және тағы басқаларын қоса алғандағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға негізделген инновациялық қызметтерді уақтылы енгізуге және өз клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік берді. Халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары соңғы 5 жылда 34 есеге өсіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 103,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың қолма-қол ақшасыз транзакциялары 39,5 пайызға артып, 101,0 трлн теңгеге жетті
Сонымен қатар, клиенттерге көптеген қызмет онлайн режимде көрсетіледі. Оның ішінде шот, депозит ашу, несие алу да бар. Алдағы уақытта Ұлттық банк қаржы инфрақұрылымының цифрлық жобаларын, яғни қаржы нарығына қатысушылардың тиімді қарым-қатынасын қамтамасыз ететін және олардың клиенттерге жаңа сапалы қызметтер ұсынуына мүмкіндік беретін жобаларды дамытуға мүдделі.
Бұл жобалардың ішінде бөлшек ұлттық төлем инфрақұрылымын дамыту, Ашық банкингті, Цифрлық теңгені енгізу де бар. Нақтырақ айтқанда, цифрлық теңге қолма-қол ақша және қазіргі банк шоттарындағы қаражатпен қатар жүретін ақшаның тағы бір қосымша формасы болады. Қазіргі қолданыстағы төлем түрлерімен салыстырсақ, қолданушылар айтарлықтай бір айырмашылық байқамайтын болады. Себебі цифрлық валютаны қолданыстағы қолма-қол ақшасыз төлем әдістерімен – интернет-эквайринг, мобильді қосымшалар, POS-терминалдар, QR-кодтар және т.б. арқылы төлей алады.
Сонымен қатар, ұлттық валютаның цифрлық формасы офлайн төлем технологиясын іске асыруға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге ұлттық төлем жүйесінің бір бөлігіне айналады. Интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі қолма-қол ақшасыз төлемнің қолданысын кеңейтеді, үздіксіз етеді, бағдарламалаудың арқасында инновациялық қаржы сервистерін құруға және бәсекелестік тудыруға ықпал ететін болады.