Павлодар облысы Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында 20 сәуір күні жұмысшы қаза тапты, деп хабарл...
«Денелерінде пышақ жарақаттары бар»: Шарджада қаза тапқан қыздардың туыстары жаңа дерек айтты
ашық дереккөз
БАӘ-нің Шарджа қаласында денелері табылған екі қазақстандық бойжеткеннің туыстары қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Олардың сөзінше, қыздар шамамен бір апта бойы байланысқа шықпаған. Кейін отбасы олардың қаза тапқанын білген, деп хабарлады MadeniPortal.kz
Марқұмдар 2004 және 2006 жылы туған апалы-сіңлілі қыздар болған. Олар Шарджа қаласында жұмыс істеп жүрген және тамыз айының соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға оралуды жоспарлаған.
Туыстары қыздарды бірнеше күн бойы іздеп, тіпті көші-қон полициясында болуы мүмкін деп те ойлағандарын айтады.
«Біз оларды барлық жерден іздедік. Көші-қон полициясында болуы мүмкін деп ойладық. Бірақ кеше екі адамның денесі табылғанын және олардың біздің сіңлілеріміз екенін хабарлады. Оларды өлтірген, денелерінде пышақ жарақаттары бар. Сондай-ақ күдіктінің ұсталғанын және оның да Қазақстан азаматы екенін айтты», – дейді марқұмдардың туыстары.
Алайда күдіктінің ұсталғаны және оның Қазақстан азаматы екені туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. БАӘ-нің құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Қазір марқұмдардың жақындары олардың денелерін Қазақстанға жеткізу мәселесімен айналысуда. Осы мақсатта Қазақстан консулдығына хабарласып, e-Otinish арқылы ресми өтініш жолдаған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, еліміздің Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, Әмірліктердің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасап жатыр.
«Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның мән-жайы туралы қосымша ақпарат әзірге жарияланбайды», – деп мәлімдеді СІМ.
Ведомство қаза тапқандардың отбасыларымен тұрақты байланыста екенін және өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.