Thrillist сайты Абу-Даби әуежайы толық биометриялық сәйкестендіруі бар алғашқы әуежай болуды мақсат...
Елнұрдың салонында ерлер сәнденеді
Бізде сұлулық салоны деген ұғым көбіне әйел затына қатысты айтылады. Кез-келген үлкен қалалардағы кез-келген көшелерде сұлулық салондары қаптап тұрады. Оның ішінде кілең қыз-келіншектер жұмыс істейтініне, клиенттерінің де дені қыз-келіншектер екеніне көзіміз үйренген. Ал ерлер «шаштараз» деген қарапайым ғана жазуы бар салондардан шығып келе жатады. Бірақ, біздің кейіпкеріміз Елнұр Рахманқұлов бұл түсініктің күл-паршасын шығарып, Тараз қаласынан ерлерге арналған сұлулық салонын ашты!
Ол осы салонды ашу жолында көп еңбектенген көрінеді. 2012 жылдан бастап Астана, Алматы сынды ірі қалалардағы ерлер шаштаразында шаш қырқып нәпақасын айырды. Елнұр биыл біліктілік арттыру бойынша курстан өтіп, 1-санатты барбер атанды. Сосын өз бизнесін ашуға талаптанып, «Даму» Қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінді. Кеңесшілер Елнұрға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы туралы түсіндіріп берді. Сондай-ақ, керек құжаттардың пакетін жинауға да жәрдемдесті. Биылғы ақпан айында кейіпкеріміз 6 пайыздық мөлшерлемемен 7,5 миллион теңге несиені алып, өз жұмысын бастады.
Қазіргі кезде Елнұрдың инстаграм парақшасын көретін жастар оның сұлулық салонын іздеп келіп, қызмет алып жүр. Салонда шаш қию, бояу, сәндеу, сақалды күту, маникюр, педикюр, тері күтімі бойынша қызметтер көрсетіледі.
А. Сейілова