Кез келген отбасы Үкіметтен 464 мың теңгеден ала алады

Фото: Canva.com

Жаңалықтар
190

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексіне (Салық кодексі) бұрын жасалған түзетулер қолданысқа енгізіліп отыр, деп хабарлайды madeniportal.kz inbusiness.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

Өзгерістер ипотекалық тұрғын үй несиелері үшін есептелетін сыйақыларға қатысты шегерім қолдануды қарастырады. Енді олар екінші деңгейлі барлық банктерге таралатын болады.

Sauap.org ағартушылық порталының түсіндіруінше, 2024 жылдың соңына дейін тек "Отбасы банкінен" заем алған клиенттер ғана оның сыйақыларын салықтарынан шегерттіре алатын.

Бұрын солай болып келді, енді жағдай өзгерді және бұл тетіктің игілігін көрушілер қатары күрт арттырылды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін елімізде тіркелген кез келген банкте ипотекалық кредит рәсімдеген Қазақстанның кез келген тұрғыны сол үшін салықтық шегерім ала алады.

Яғни, ипотекасы отбасылық бюджетіне шектен тыс ауыртпалық түсірмеуі үшін мемлекеттік бюджетке төлейтін салығын кемітуіне мүмкіндігі бар.   

Sauap.org бұл жаңалық Салық кодексінің "Сыйақылар бойынша салықтық шегерім" аталатын 351-ші бабында қарастырылғанын нақтылады. Ол салық төлеушілердің мүмкіндіктерін елеулі түрде кеңейтті. Бұл жеңілдікті тек елімізде уақытша тұратын шетелдіктер – резидент еместер ғана қолдана алмайды.

"Қазақстан Респуликасының резидент-жеке тұлғасы сыйақылар бойынша салықтық шегерімді банктерден және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады", – делінген биыл жаңарған 351-ші бапта.

Салықтық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, банкте немесе банк операцияларын жүргізуге лицензиясы бар қаржылық ұйымда ипотека алған азамат жаңа тетік арқылы мемлекетке салық ретінде төлейтін қаражатынан биыл 463 976 теңге үнемдей алады.

Өйткені "сыйақылар бойынша салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған 118 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде қолданылады". 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең.

Жұмыс берушіңіз жалақыңыздан, басқа да табыстарыңыздан ұстайтын салықтарға аталған шегерімді қолдана бастауы үшін сіз кадрлық қызметке (HR) немесе бухгалтерияға "Салықтық шегерімге өтінішті" ("Заявление физического лица о применении налоговых вычетов", үлгісін ғаламтордан табуға болады) және ипотека алғаныңызды растайтын құжаттарды ұсынуға тиіссіз. Онсыз аз салық төлей алмайсыз.

Ипотекалық заем сыйақылары бойынша салықтық шегерімді қолдану үшін мыналар растайтын құжаттар болып табылады:

  • банкпен немесе лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен арадағы ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
  • сыйақы сомасы бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
  • осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат.

Салықтық шегерімдер ай сайын ұсталатын жеке табыс салығын (ЖТС) кемітуге мүмкіндік береді. Оны азайту үшін ұйым есепшісі жұмыскердің ипотекасына төлеген проценттерін табысынан шығарып тастайды.

Шегерім тек банктің сыйақысына және тек пайыздар төленген жыл үшін ғана қолданылады. Мысалы, егер 2024 жылға арналған сыйақылар бойынша соңғы төлем 2025 жылғы қаңтарда төленсе, онда шегерімді тек 2025 жыл үшін ғана рәсімдеу мүмкін болады. Мұны да ескерген жөн.

"Бұл қалай жұмыс істейді? Ипотека бойынша әрбір төлем 2 бөліктен тұрады. Біріншісі – негізгі қарыз, ол сіздің алған кредитіңіздің сомасы. Екіншісі – банктің сыйақысы, яғни, оның қаражатын пайдаланғаныңыз үшін төлейтін пайыздар. Дәл осы екіншісі – банктің сыйақысы бойынша шегерім алуға болады. Мысалға, егер ипотека бойынша төлейтініңіз 350 000 теңгені құраса, онда оның ішінде 150 000 теңгесі – сыйақы, ал, 200 000 теңгесі – негізгі қарыз. Салықтық шегерім тек сыйақы сомасына қарай есептелетін болады", – деп түсіндірді Sauap.org ағартушылық порталы.

Егер ипотекаңыз бойынша банкке төлейтін сыйақыңыз жылына 463 976 теңгеден аспаса, онда осы бүкіл сома үшін шегерім аласыз. Одан көп болса, онда шегерім аталған сомамен ғана шектеледі. Қалғанын өзіңіз өтейсіз.

Бухгалтер Адина Сәлімгерейқызы шегерімге қатысты қызықты жайтты әңгімелеп берді.

"Біздің мекеменің жұмысшыларының бірі – мүгедектігі бар баланың әкесі. Тиісінше, оған қатысты табысынан ұсталатын міндетті зейнетақы жарналары, медсақтандыру жарнасы мен аударымы бойынша шегерімдер, стандартты шегерімдер қолданылады. Бұдан бөлек, сәуір айында жұмысшы "Отбасы" банкінде ипотека рәсімдеп, енді тұрғын үй ипотекалық заемының сыйақысы бойынша шегерімді де қолдануға қосымша өтініш жазды. Барлық қажетті, растайтын құжаттарын ұсынды. Бір ғажабы, барлық шегерімдерді алып тастағанда, жұмыскердің салық салынатын табысы "минусқа" кетті! Яғни, мемлекетке бір тиын салық төлемейді. Бұған қоса, салықтан босатылуға тиіс қосымша табыс квотасы қалды", – дейді эксперт.

Жұмыскердің салық салынатын табыс көлемі "теріс-отрицательный" болып шыққандықтан, ұйым бухгалтериясы шегерімнің асып түскен сомасын келесі айларға ауыстырып отырған.  

Жалпы, Салық кодексінің 346-бабына сәйкес, мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуі бір жыл ішінде 882 АЕК (2025 жылы 3 468 024 теңгеге) дейін "стандартты салықтық шегерімді" қолдана алады. Мына жағдайда оған ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша шегерім қосылған.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, егер салықтық шегерімдердің сомасы салық салынатын табыстан асып түссе, шегерімнің артық сома мысалы, қаңтар айынан ақпан-маусым айларына көшіріледі. Егер осы аралықта жұмысшының табысы артса, жалақысы өссе, онда шегерімнің асып түскен сомасымен соны қамтуға болады.

Асқан шегерім сомасын мемлекет бюджеттен ақша түрінде төлемейді.