Мәдениет және ақпарат министрі журналистерге үндеу жасады

Ашық дереккөзден алынған

ЖАҢАЛЫҚТАР
844

Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Мadeniportal.kz.

Министрдің айтуынша, кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралуда.

«Құрметті әріптестер! Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталуына қатысты расталмаған ақпарат таралуда. Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет», – деді ол.

Аида Балаева расталмаған, «хайп қуған» деректерді жариялау қоғамға, сондай-ақ азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

«Журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс. Әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырамын. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын», – деді министр.

Министр журналистерді кәсіби этиканы ұстанып, тексерілген деректерге сүйенуге шақырды.