Республиканың жылу көздерін кешенді жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақса...
Маңғыстауда емші әйел алдына келген науқасты буындырып өлтірген
Фото: Pixabay
Маңғыстау облысында емшілік сеансы кезінде емделушісін буындырып өлтірген медбикеге қатысты үкім қайта қаралды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Апелляциялық инстанция алғашқы жазаны тым қатал деп тауып, оны жеңілдетті.
Бұған дейін Мұнайлы аудандық соты 49 жастағы аудан тұрғынын абайсызда өлімге әкеп соқтыру бабы бойынша кінәлі деп таныған болатын. Ақтаудағы емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істеген әйел тиісті лицензиясыз және бейінді білімсіз үйінде «халықтық емшілік» қызметін көрсеткен.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 26 қарашасында кешке ол өз үйінде «емдеу» кезінде емделушінің тамағын қолымен қысқан. Соның салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Бірінші сатыдағы сот оған жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталушының кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаның орындалуы кейінге қалдырылған еді.
Қорғау тарапы кінәні мойындау және жәбірленуші тараппен татуласуды негізге алып, үкімге шағым түсірді және жазаны жеңілдетуді сұрады.
Маңғыстау облыстық сотының сот алқасы жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келді. Қылмыстың онша ауыр емес санатқа жататынын және баламалы санкциялар қарастырылғанын ескере отырып, жаза өзгертілді.
Нәтижесінде әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған тұрғылықты жері мен жұмысын ескертусіз өзгертуге, ойын-сауық мекемелеріне баруға және түнгі уақытта үйден шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, сот оған бақсылықпен (емшілікпен) айналысуға тыйым салды.