Екі күн бұрын порталымызда "Жүрсін Ерман Президенттік сайлауға түседі. Қолдайсыз ба?"...
Интернаттағы жасөспірімнің өліміне кінәлілерге сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектеп-интернатының 8-сынып оқушысының өліміне қатысты істі қарады, деп хабарлайды madeniportal.kz Ulysmedia.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, 2024 жылдың 11 сәуірінде 2 курс студенті К. Жоғары сынып оқушыларымен бірге ол басқа оқушыларды «тәрбиелеу» үшін кездесу ұйымдастырды.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқты деген айыппен Қ-ға қатысты (ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі және106-бабының 3-бөлігі) және абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқты деген айыппен Ж.-ға қатысты (ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.
“2024 жылдың 11 сәуірінде Қ. Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті 8-сыныптардың оқушыларына мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бөлмесіне жиналу қажеттігін айтып, оларды жинауды Ж.-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған. Өз кезегінде, Ж. сотталушы Қ.-пен ойы бір екенін білдіріп, сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауға қатысқан. Сөйтіп, аталған бөлмеге Қ. келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық пен физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, Ж.-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұрып өтуге нұсқау берген. Сондай-ақ, Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.-ға 8-сынып оқушыларын жәй ұрғандарын айтып, қайта қаттырақ ұруды талап етіп, аталғандар қайта 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан. Кейін, Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, оның екі бетінен өзінің екі қолының алақандарымен жеткілікті күшпен ұрып, онымен тоқтамай, соңғының екі иығынан екі қолымен ұстап, оң тізесімен Ә.-нің төс бөлігіне жеткілікті күшпен соққы жасап, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған”, делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында прокурор сотталушы Ж-ға 6 жыл 8 айға, Қ-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал олардың қорғаушылары Қ.-ні ақтауды, ал Ж.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады.
Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қоюшы Қ-ның азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.