«Менің жаным – қазақ»: Голландиялық жүзгіш Қазақстан атынан өнер көрсеткісі келеді

Сурет: Sport Pulse

ЖАҢАЛЫҚТАР
693

Нидерландтың көп дүркін чемпионы Шон Ниволд Sport Pulse басылымына берген эксклюзивті сұхбатында қазақ тамыры мен Қазақстан атынан жарысқа түсу арманы жайлы айтты, деп хабарлады  Мadeniportal.kz.

Бұл туралы Sport Pulse жазды.

23 жастағы Шон Ниволд 50 және 100 метрге қысқа қашықтықта жүзуге маманданған. 2024 жылы ол Париж Олимпиадасында, ал 2025 жылы Сингапурдағы әлем чемпионатында өнер көрсетті. Соңғы жарыста Нидерланд құрамасының эстафеталық командасы бесінші орын алды.

Ниволд – 100 метрге еркін стильде жүзуде қазіргі Нидерланд чемпионы.

Анам – қазақ, әкем – голландиялық

Анамның аты – Эльмира, ол Атыраудан шыққан қазақ, ал әкем – голландиялық. Мен – отбасындағы жалғыз баламын. Ата-анам Қазақстанда танысқан. Кейін Әзербайжанға, одан кейін менің туылуым үшін Голландияға барған. Содан соң қайта Әзербайжанға оралып, біраз уақыт сол жақта, кейін Дубай мен Ливияда тұрғанбыз. Ливияда азаматтық соғыс басталғанда Сауд Арабиясына көштік, біраз уақыттан кейін қайта Дубайға келдік. Қазір мен Голландияда сегіз жылдан бері тұрып жатырмын, осында оқимын және жүзумен айналысамын, – дейді Шон.

– Ата-анаңыз Қазақстанда танысты ма?

– Әкем мұнай саласында жұмыс істеген, Теңізде жүрген кезінде анаммен сол жерде танысқан. Екеуі де «Шлюмберже» компаниясында жұмыс істеген. Мен 15 жыл бойы әртүрлі елдерде тұрдым, сол себепті менің бірінші тілім – ағылшын. Одан кейін голланд тілі, себебі біз осында тұрамыз, үшінші тіл – орыс тілі. Қазақша әзірге сөйлемеймін, бірақ жоспарымда – үйрену бар. Кейбір сөздер мен тіркестерді түсінемін. Анам маған қазақ тілін үйретуде біраз қиындықтарға тап болған. Бала күнімде мен ағылшын мектептеріне барғанмын, онда мамандар анама үйде бір ғана тілде сөйлеген дұрыс деп кеңес берген, өйткені балаларға бірнеше тілді бірден үйрену қиын. Анам орыс тілін таңдаған, өйткені ол кезде әлемде қазақша сөйлейтіндерге қарағанда орысша сөйлейтіндер көп болатын.

– Қазақстанға жиі барып тұрасыз ба?

– Анамның ата-анасы ертеректе қайтыс болған. Қазір Астанада анамның әпкесі тұрады. Бірақ ол өмір бойы Астанада тұрған жоқ – бұрын Ресейде, кейін Алматыда өмір сүрген. Біз жиі барып тұратынбыз. Қазір сирек барамыз, себебі оның ұлы, менің бөлем Англияда оқып жатыр. Сол себепті енді ол бізге қонаққа жиі келеді.

– Қазақтың тағамдарын ұнатасыз ба?

– Мен Қазақстанды, оның тамағын, адамдарын сағынамын. Қазақтың асханасын өте жақсы көремін. Голландияда ондай ет табу қиын. Біз Дубайға демалуға барғанда, сонда қазақ мейрамханалары көп, мен міндетті түрде соларға барамын. Бауырсақ, бесбармақ, палау, мәнті – бәрін жеймін.

– Қазақ тілін үйренгіңіз келетінін айттыңыз.

– Анам мені қазір аз-аздап қазақ тіліне үйретіп жүр. Қазір көп нәрсені түсінемін, бірақ әлі сөйлей алмаймын. Анам әпкесімен сөйлескенде, олардың не жайлы айтып жатқанын шамамен түсінемін. Үйде қазақ тіліне арналған кітаптар бар. Мен оны міндетті түрде үйренемін, анамның тілін білгім келеді. Анам үшін де бұл оңай емес, өйткені ол Кеңес Одағында өсіп, сол жерде бәрі орысша сөйлеген. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ол елден кеткен. Қазір туыстармен қазақша сөйлесуге тырысып жүрмін.

– Қазақстандық әндерді тыңдайсыз ба?

– Біз анам екеуміз Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын жақсы көреміз. Сондай-ақ, маған қазақ диджейі Иманбектің туындылары ұнайды. Оларды жиі тыңдаймын. Сонымен қатар бірнеше қазақ рэперлерін де тыңдаймын – мысалы, Jah Khalib.

– Қазақстан атынан жарысқа түскіңіз келмей ме?

– Мен бірнеше жылдан бері Қазақстан үшін жарысқа түскім келеді. Бірақ бір мәселе бар – менде Қазақстанның паспорты жоқ. Егер оны алатын болсам, голландиялық азаматтықтан бас тартуым керек, ал ол өте мықты азаматтық. Оның үстіне, Қазақстан әзірге спорттық азаматтық бермейді. Мен Қазақстан құрамасының бас бапкерімен сөйлестім, ол маған осылай деді. Бірақ егер менің таңдауым болса – Голландия немесе Қазақстан – мен әрқашан Қазақстанды таңдар едім. Менің жүрегім, жаным – қазақ. Жарыстарда Қазақстан құрамасының өкілдерімен сөйлескенде, олар маған егер паспорт болмаса, көмектесе алмайтындарын айтты.