Нұрасыл Медеу спорт университетін мемлекетке сыйға тартты: бес жылдық еңбектің нәтижесі

Фото: KNUS

ЖАҢАЛЫҚТАР
27

Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу оқу орнын мемлекетке сыйға беру туралы шешім қабылдады. Бұл – бес жыл бойы қалыптасып, дамыған білім беру мекемесін ел игілігіне беруге бағытталған қадам әрі меценаттықтың ерекше үлгісі, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

2021 жылы небәрі 150 студенті бар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде құрылған университет бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын оқу-ғылыми кешенге айналды. Осы уақыт ішінде университет халықаралық серіктестіктер орнатып, спорт ғылымын дамытуға бағытталған зертханалар мен орталықтар ашты, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосты.

Жеке бастамадан ел игілігіне

Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу бес жыл бұрын әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды мақсат еткенін айтты. Оның идеясы жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың спортта және ғылымда жетістікке жетуіне мүмкіндік жасайтын жүйе қалыптастыруға бағытталды.

Бүгінде сол бастаманың нәтижесі мемлекетке өтеусіз табысталып отыр. Бұл – бір реттік қаржылай көмектен әлдеқайда ауқымды қадам. Өйткені меценат өз қаражаты мен уақытын жұмсап, толыққанды білім беру мекемесін қалыптастырып, оның болашағын ел игілігімен байланыстыруды таңдады.

Университетті мемлекетке өтеусіз табыстау туралы шешімін ресми түрде жариялаған Нұрасыл Медеу бұл қадамның мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, оқу орнын мемлекетке беру туралы шешім кейіннен қабылданбаған, мұндай ниет университет құрылған сәттен бастап көзделген.

«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді KNUS негізін қалаушы. 

Спорттың болашағына салынған инвестиция

KNUS бес жыл ішінде халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлескен Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығын ашты. Сонымен қатар допингке қарсы білім беру, киберспорт, спорт журналистикасы және құтқару спорты бағыттарында жобаларды жүзеге асырды.

Университет талантты жастарды қолдауға да басымдық береді. Құрылтайшы тағайындаған гранттар оқу ақысын өтеу, шәкіртақы, жатақхана және шетелде білім алу мүмкіндіктерін қамтиды. Нұрасыл Медеу студенттер алдындағы барлық міндеттеме, соның ішінде бұрын тағайындалған гранттарды қаржыландыру да толық сақталатынын мәлімдеді.

«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді ол.

Қазақстандағы меценаттықтың жаңа үлгісі

Жеке құрылтайшының бес жыл ішінде қалыптастырған университетін мемлекетке өтеусіз табыстауы білім мен спортты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді филантропияның үлгісі ретінде бағалануы мүмкін.

Бұл шешімнің маңызы тек оқу орнының мемлекет меншігіне өтуімен шектелмейді. Ол – жастарға мүмкіндік беретін, спорт ғылымын дамытатын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған инфрақұрылымды ел игілігіне беру.

Осылайша, Нұрасыл Медеудің бастамасы жеке жобаның аясынан шығып, Қазақстанның спорттық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған қадамға айналды. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыдағы “Аяжан” жекеменшік клиникасында жалған медициналық құжаттар берілуі мүмкін де...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарағандыда 14 қазаннан бері із-түзсіз жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды. Екінші топтағы мүге...