Атырау қаласында 8-қабаттан секірген келіншек мерт болды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Қайғылы о...
Өшпес мұра
Сурет автордан
Әр мамандықтың өз ерекшелігі болатыны сөзсіз. Солай десек те, аға буын өкілдерінің қажырлы еңбегі мен сара жолы болмаса, кез келген мамандықтың өміршең болуы екіталай. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ұрпақтар сабақтастығы аса қажет. Өмірін осы бір салаға арнап, өз ісінің майталманы атанған тұлғалар болашақ қызметкерлерге өшпес мұра қалдырды. Солардың бірі – Қазақстанның КГБ–ҰҚК органдарының көрнекті басшысы, генерал-майор Асқар Ғаббасұлы Мұстафин. Биыл, 5 қыркүйекте, оның туғанына 100 жыл толады.
Асқар Ғаббасұлы Мұстафин 1925 жылы 5 қыркүйекте Чкалов (қазіргі Орынбор) облысының Шілікті ауылында дүниеге келген. Жастайынан Қарағанды тау-кен техникумында, кейін эвакуацияланған Днепропетровск тау-кен институтында білім алды. 1944 жылдан бастап мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы қызмет жолын бастады.
Ол қатардағы жедел уәкілдің көмекшісінен Қазақ КСР-інің Шымкент облысы бойынша КГБ басқармасының бастығына дейінгі жолдан өтті. Бұл қызметті үздіксіз 11 жыл (1977–1988) атқарды. 1978 жылы оған генерал-майор атағы берілді.
Асқар Ғаббасұлы кәсіби шеберлігімен қатар, тұлғалық мінезімен де ерекшеленді. Мінезі мен жігері үшін әріптестері оны «Бөрі» деп атайтын. Дегенмен ол аса зиялы, қарапайым әрі мәдениетті жан еді. Ешқашан дөрекілікке жол бермей, өзіне де, өзгелерге де қатаң талап қоя білді.
Оның басшылық стилі қатаң тәртіп пен адамға деген жанашырлықты ұштастыра білді. Жас мамандарды баулып, тәжірибесін үйретті. Оның шәкірттерінің көбі кейін КГБ орталық аппараты мен облыстық басқармаларды басқарды.
Генерал қызметкерлердің тұрмыстық жағдайына да ерекше көңіл бөлді: тұрғын үй, балабақша мәселелерін шешуге көмектесті, жаңа ғимараттар салдырды. Оның бастамасымен Шымкенттегі КГБ басқармасының жаңа ғимараты бой көтерді.
Ардагерлердің айтуынша, ол кез келген төтенше жағдай болған жерге өзі барып, жағдайды бақылап, шешім қабылдайтын.
1988 жылы отставкаға шыққан соң Алматыда тұрып, КГБ ардагерлер кеңесінің жұмысына белсене араласты. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді.
Асқар Ғаббасұлы Мұстафин артына өшпес із қалдырды. Ол тәрбиелеген буын – кәсіби білікті, отансүйгіш мамандар. Оның есімі Қазақстан қауіпсіздік органдары тарихында мәңгілікке жазылды.
Дарын Сейітов,
Әскери тілші