«Қара бүркітке» бармайды: Сәрсемалиевке қатысты жаңа дерек шықты

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
208

Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиев 19 қыркүйекте Жезқазғандағы №62 мекемеге этаппен жеткізілді, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz.

Нақтыланған мәлімет бойынша, дәл осы колония қазір өмір бойына сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатыр.

Сәрсемалиевке қатысты үкім 14 шілдеде шығарылған. Сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеуге үкім етті.

Сотталушы үкімге шағым түсірмеген. Осыған байланысты сот шешімі 3 қыркүйекте заңды күшіне енді.

Жезқазғанның өнеркәсіптік аймағында орналасқан №62 мекеме Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайды.

Бұған дейін №62 мекеме аралас қауіпсіздік колониясы болған. Алайда 2026 жылы оны қайта бейіндеу жұмыстары басталды. ҚАЖД мұндай шешімді өмір бойына сотталғандарды орналастыратын қосымша орындардың қажеттілігімен түсіндірген.

Қазір мекемеде жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белгілі бір мерзімге сотталғандарды кезең-кезеңімен басқа колонияларға ауыстыру жоспарланған.

Ал №62 мекемеде қазір қанша адам отырғаны және Сәрсемалиевтен бөлек тағы қандай сотталғандардың жеткізілгені жарияланған жоқ. ҚАЖД бұл мәліметтерді қызметтік ақпаратқа жатқызады.

Осылайша, бұған дейін өмір бойына сотталғандармен байланысты жиі аталатын «Қара бүркіт» мекемесіне емес, Сәрсемалиев Жезқазғандағы №62 мекемеге жеткізілген.