Қарағанды облысында дала өрті кезінде екі адам зардап шекті

Қарағанды облысы әкімдігі

ЖАҢАЛЫҚТАР
106

Бір адамның денесінің 10 пайызы, екіншісінің 20 пайызы күйік шалған. Екеуі де Қарағандыдағы ауруханада жатыр, жағдайлары тұрақты. Өрт Жаңатоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде болған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Өртті сөндіруге қатты жел кедергі келтірді. Ашық жалын ошақтары жойылды. Қазір облыста алты табиғи өрт бақылауда тұр. Өрт Қарқаралы, Бұқар жырау және Шет аудандарында сөндіріліп жатыр.

Ақтоғай ауданында өртті сөндіру жұмыстарына таулы жер бедері кедергі келтіруде. От жетуі қиын аумаққа және орман шаруашылығының жеріне таралған. Өткен тәулікте өңірде тоғыз табиғи өрт жойылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жалпы өрт шарпыған аумақ 1300 гектардан асады.

«Төрт ауданның аумағында 4000-ға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Сондықтан әрқайсысының жанына өрт сөндіру көлігін қойып, адам бекіту физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сол себепті біздің топтар мобильді түрде жұмыс істейді. Облыста Төтенше жағдайлар департаментінің базасында ахуалды бағалап, талдау жүргізетін облыстық жедел штаб құрылды», – деді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалұмұлы.