Нұрсұлтан Назарбаевты 80 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ұлттық қауіп...
Қазақ тілі алдымен қазаққа керек
Кеше Алматы қаласында қоғамды келісімге шақыратын «Мәміле» клубының таныстырылымы өтті. Бұл - қазақ тілін үйренуге ниет білдірген азаматтардың ерекше пікірталас алаңына айналатын айырықша орын болмақ.
Жалпы «Мәміле» пікірталас клубының ірге тасы Қанат Тасыбековтың бастамасымен екі жыл бұрын қаланған еді. Ол «Ситуативный казахский» деген үш томдық кітаптың авторы. Бүгінгі күнге дейін өз қаржысымен жұмыс атқарып келген ұйым биыл Тұңғыш Президент қоры жариялаған әлеуметтік идеялар және жобалар байқауында жеңіске жетіп, қомақты грантқа ие болды. Сонымен ауқымды жобаның жүзеге асырылуына Тұңғыш Президент қоры қолдау білдірді.
Клубтың басты мақсаты: қос тілге бөлінген қоғамды диалог арқылы ортақ мәмілеге келтіріп, қазақ тіліннің дамуын көздеу.
Осы орайда өткенге көз жүгірткенді жөн көрдік:
«1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол заңда, сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі - ұлтаралық тіл деп бекітілді»
«Қазақ тілі» қоғамы, халықаралық қазақ тілі қоғамы — қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым»
«1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болады да тұрады. Өйткені, қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мыңдаған бастауыш ұйымдар құрылды. Қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдармен бірге ірі мекемелерде біріккен комитеттер ұйымдастырылды. Ел арасында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуына қоғам қосқан үлес өлшеусіз»
«Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы делінген... Әрі осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деген бапты қабылдау кезінде халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен шыға алмай, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»– деген 7-баптың 2-тармағын қабылдап, орыс тілін тіпті, шектен тыс күшейтіп жіберді деуге болады… Кейін де, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы кезіндегі талаппен кетті...»
«Бір айтарлық жай, біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайық деп жатқанда, «Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. Ал Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі» қоғамы әлі күнге қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының ошағына айналып отыр»
Мемлекет тарапынан қазақ тілін үйрету үшін сандаған мекемелер ашылып, қыруар қаржы жұмсалды. Өзгелерді қойғанда мемлекеттік қызметте жүргендердің өзі мемлекеттік тілде сайрап кете алды ма?
Және содан бергі өткен уақыт ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қаншалықты өзгерді?
Шешімі табылмайтын жұмбақ ретінде қалып жатқан сұрақтар ғана...
Тұлғаны тарих тудырады дейді. «Ештен кеш жақсы»дегендей, бұл да пісуі жетілген бір мәселенің шешімін тапқан күн болды. Осы ұйымның жетекшісі Қанат Тасыбековтың айтуына қарағанда: - Алдағы жоспарымыз: республика өңірінде осындай он жеті клуб ашуды көздеп отырмыз. Тасымыз өрге домалап, ісіміз оңғарлып жатса - игілікті нұры тасығаны емес пе! Осы орайда ерекше атап өткім келеді, әсіресе қазақ тілінен ажырап қалған қаракөз туғандарды ана тіліне оралту мәселесі көкейтесті болып тұр. Орыстілді қазақтар мен қазақтілді қазақ болып жікке бөліну ақылға сыймайтын кереғарлық деп санаймын. Менің ойымша: мемлекеттік тіл қазақ тілі болған соң, ең алдымен сол қазақтың өзі ана тіліне бет бұрыс жасауы тиіс. Қазаққа керек емес тілді өзге жұрт не қылады...
Қазіргі таңда «Мәміле» клубының Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Талдықорған қаласында филиалдары жұмыс жасап жатыр.
Заман Төлеуов
madeniportal.kz