Арыстанбек МұхамедиұлыБүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылдың қо...
Қазақстан Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азия мен Парсы шығанағына теміржол салмақ
inbusiness.kz
Бұл жол Герат арқылы өтіп, қазақ өнімдерін ғана емес, Еуропа нарығынан аластатылған Ресейдің миллиондаған тонна мұнайын да Оңтүстік Азияға жеткізбек. Бұл туралы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz жазады.
"Талибан" Қазақстанмен, Түркіменстанмен Ауғанстанның батысында логистикалық орталық құруға келісті. Оның мақсаты – соғыстан есеңгіреген елді аймақтық экспорттың негізгі логистикалық пунктіне айналдыру. Бұл хаб Оңтүстік Азияға Ресей мұнайын жеткізумен де айналысуы мүмкін.
Үш елдің өкілдері өткен аптада ауған астанасында кездескеннен кейін "Талибанның" сауда министрінің міндетін атқарушы Нұриддин Әзизи "Рейтер" агенттігіне сұхбат берді.
Сол әңгімеде ол техникалық топтардың аталған хабты құру туралы ресми жоспар жайлы жазбаша келісімді екі ай ішінде әзірлейтінін мәлімдеді. Осы мәселе бойынша тараптар жарты жыл келіссөз жүргізіп, оның нәтижесінде үш мемлекет болашақ хабқа инвестиция салуға да уағдаласқан.
Шетелден көмек азайғандықтан және негізінен ауылшаруашылығына сүйенетін экономикасы үнемі қуаңшылықтан зардап шегіп отырғандықтан, Ауғанстанның мойындалмаған үкіметі бүгінде қаржы тапшылығынан зардап шегіп отыр.
Әзизи айтқандай, келешек хаб – Ауғанстанның стратегиялық орнын тиімді пайдалануға бағытталған үлкен күш-жігердің бір бөлігі. Айта кетсек, жаңа логистикалық пункт Қытаймен, Иранмен шектесетін Орталық Азия мемлекеттері мен Оңтүстік Азия арасында, яғни, ежелгі Жібек жолы бойында пайда болмақ.
"Біздің талқылаулар негізінде Герат провициясында солтүстікті Оңтүстік Азиямен байланыстыратын логистикалық орталық салынады", – дейді Әзизи.
Тағы бір сөзінде ол тәліптердің осы жолмен Ресейдің миллиондаған тонна мұнайын Оңтүстік Азияға, әсіресе, Пәкістанға өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын да атап өтті.
"Үш ел Ауғанстанның байланыстырушы нүкте рөліне таласы барын дәлелдеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Пәкістанға Ауғанстан арқылы жету ең жақсы вариант болады", – дейді тәліптер үкіметінің өкілі.
Сонымен қатар, Әзизи Герат арқылы Қазақстанның Оңүстік Азияға тауар экспорттауды жоспарлап отырғанын да атап өтті.
Еліміздің Сауда министрлігі "Рейтер" агенттігіне мәлімдегендей, Қазақстан Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азия мен Парсы шығанағына автожол мен теміржол салғысы келеді.
"Хабты құру құрғақ портта автомобиль жөнелтілімдерін біріктіру арқылы мультимодальды қызметтерді дамытуға мүмкіндік беріп, сол портта сұрыпталған өнімді Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен теміржол арқылы Парсы шығанағына, Пәкістанға және Үнді мұхиты порттарына жөнелтуге мүмкіндік береді", – деп жазылған Сауда министрлігінің мәлімдемесінде.
Дегенмен, Әзизи Қазақстанды Оңтүстік Азиямен байланыстыратын хабтың нақты қай уақытта іске қосылатынын айтпады.
Түрікменстан, Ресей, Пәкістан осы мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Пәкістан – Ауғанстанның негізгі сауда серіктесі. Сонымен қатар, тараптар аймақтық энергетикалық байланыс туралы келісімдерге қол қойған.
Дегенмен, Исламабад соңғы жылдары Ауғанстанды Пәкістанға қарсы содырларды паналатты деп айыптап жүр. Кабул болса, мұндай кінәні жоққа шығарып келеді.
Қолма-қол ақшаға зәру Пәкістан өткен жылы еуропалық нарықтардан аластатылып, арзандатылған орыс мұнайын сатып алып, Ресейдің жаңа тұтынушысына айналды. Ауғанстан да Ресейден жеңілдетілген бағамен мұнай, газ және бидай сатып алып отыр.
Әзизидің айтуынша, "Талибан" Ауғанстанның шалғайындағы Вахан дәлізі арқылы сауда жолын салып, Қытай мен Иранды да байланыстырудан үмітті. Бұл мәселе Бейжіңмен талқыланып, ауған сауда министрлігінің қызметкерлері Қытайға оқуға жіберілген.