Қазақстанның жаһандық бастамалары

Жаңалықтар
693

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көп жетістіктерге қол жеткізді деп айтуымызға болады. Әлемдік деңгейдегі айтулы бастамалардың арқасында еліміз халықаралық дәрежеде үлкен абырой-беделге ие болды. Сыртқы саясатта көпвекторлық, теңгерімді және бітімгершілік бағытты ұстана отырып, демократиялық жолмен дамитындығын паш етті. Шет мемлекеттермен достық қатынас орнатып, экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсті. Еліміз тату көршілікті, өзара тиімді серіктестікті және халықаралық құқық қағидаттарын қатаң ұстанатын субъект ретінде танылды. 

Егемендігіміздің алғашқы жылдарында-ақ қуаттылығы жағынан әлемде төртінші саналатын ядролық қарудан бас тартуымыз адамзат тарихындағы зор оқиға екені даусыз. Біздің мемлекет тек жалғыз осы ісімен-ақ ядролық қауіптерге қарсы қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналды, сонымен қатар халықаралық қауымдастыққа «Ядролық қарусыз әлем құру –адамзаттың XXI ғасырдағы басты мақсаты» деп ұран тастады. Сөйтіп ядролық қарусыз аймақ құру идеясының бастамашысы әрі соны жүзеге асырушы бірінші мемлекетке айналды. Ал енді бейбіт мақсатта қолданылатын ядролық энергияның қолжетімділігін оңайлату және басқа мемлекеттердің өз бетінше уран байытуына жол бермеу үшін Төмен байытылған уран банкін құру арқылы Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қару таратпау мақсатындағы маңызы бұрынғыдан бетер арта түсті.

Еліміздің бірінші президенті Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесті әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Мұнда барлық мемлекеттер 2045 жылға дейін яролық қарудан бас тартуы керектігі айтылған. Манифест БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Бұл Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі екені сөзсіз. 

Қазақстан әлемдік деңгейде дінаралық, мәдениетаралық диологты қалыптастыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, дағдарыстар мен қақтығыстарды реттеуге бағытталған бірқатар экономикалық және қауіпсіздік құрылымдардың, интеграциялық жобалардың бастамашысы болды. Осы мақсатта 20 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әр үш жыл сайын өткізіліп тұрады.

Посткеңестік және мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті. ЕҚЫҰ-ның Астана саммитіне 30 мемлекеттің президенттері мен Үкімет басшылары қатысты. Саммит соңынан Ұйымның құқықтық нормалары, принциптері және міндеттемелері бекітілген Астана декларациясы қабылданды. Осы жерде Қазақстанның 2017 жылы Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын да айта кеткеніміз жөн. 

2014 жылы «Бітімгершілік қызмет туралы» заң қабылданғаннан кейін Қазақ Армиясы құрамы ішінен «Қазбат» бөлімшесін құрылып, арнайы жасақ БҰҰ миссиясы бойынша әлемнің әр қиырындағы түрлі бітімгерлік іс-шараларға қатысты. Бірқатар жылдар бойы Шығыс Африка елдерінде әскери бақылаушы қызметін атқарды. Ливанда, Ауғаныстанда саяси жағдайдың ушығуына байланысты БҰҰ мандаты бойынша бітімгершілік күштермен бірлесіп жұмыс істеді. Сирияда соғысып жатқан топтардың қақтығысын тоқтату үшін Астанада жалпы саны 12 рет халықаралық кездесу өткізді. 2019 жылы Сириядағы қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды алып шығу операциясын жүргізді. 2000-жылдары «Қазбат» Халықаралық күштер коалициясы аясында Иракта бітімгершілік операцияларына қатысып, жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысты. Нәтижесінде Ирак жерін төрт миллионнан астам минадан тазартқан. Сөйтіп, Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтауға, жауласушы жақтардың келіссөз үстелінің басында тоқайласуына көп үлес қосты. 


Посткеңестік мемлекеттердің ішінде алғаш болып «жасыл экономика» идеясын жүзеге асыра бастады. 2009 жылы еліміз Киот хаттамасын ратификациялау туралы заңға қол қойды. 2012 жылы БҰҰ Бүкіләлемдік саммитінде Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша өңірде «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы қабылданды. Әріптестік бағдарламасы мемлекеттердің ғаламдық экологиялық мәселелерді шешу үшін энергия тиімділік, баламалы энергетика, ғылыми зерттеу, тағы басқа салалар бойынша өзара интеграциялануды міндеттейді. Ал одан бір жылдан кейін «жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасы бекітілді.  

Айта кетейік, «жасыл экономика» – ол ғаламдық экологиялық мәселелерді шешу үшін өндірістің экологиялық-экономикалық тиімділік тұрғысынан бағалануы. Яғни жоба жетекшілері де, өнеркәсіп компаниялары да өндірістің тек коммерциялық тұрғыдан табыстылығын ғана емес, бірінші кезекте қоршаған ортаға әсерін ескеруі тиіс. Мемлекет басшысы «жасыл» технологияға және инвестициялық жобаларға арналған Халықаралық орталық құру идеясын Нью - Йоркте 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында да жариялады. Бұл идея Орталық Азияда ғана емес, жалпы әлемде «жасыл экономиканы» ілгерлетудің нақты механизіміне айналды. 

Астана экономикалық форумы аясында 2014 жылы Global Risk Expo көрмесі ұйымдастырылды. B2G форматындағы (Business to Government) шара жаһандық шешімдер мен ұсыныстарды қалыптастыру үшін атқарушы билік пен халықаралық және отандық бизнес құрылымдарын өзара ынтамастықта жұмыс істеуге үндейді. Аталған конференция табиғи нәубеттер мен техногендік апаттардың салдарын жою бойынша ғаламдық бастамаларды қарастырды.  

Жер көлемінің үлкендігі бойынша әлемде 9-орынды алып жатқан және Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстан географиялық тұрғыдан алғанда тоғыз жолдың торабында тұр. Азия мен Еуропаға қатынайтын халықаралық сауда және тасымал жолдары біздің аумақты басып өтеді. Осыған орай біздің еліміздің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасының сүбелі бөлігіне айналуы заңды.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы идеяны да бірінші болып Қазақстан тарапы ұсынғанын біреу білсе, біреу білмес. Дегенмен, АӨСШК-нің алғашқы саммиті тек он жылдан кейін Алматы қаласында өтті. Бүгінде ұйым құрамында 27 мемлекет бар. Жаңа формат Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық орнату алаңына айналды. Ол қазіргі замандағы жаңа сын-қатерлерлерге тисінше төтеп беруге, түрлі геосаяси кикілжіңдердің алдын алуға, өңірлік қауіпсіздікті сақтау үшін көрші мемлекеттердің бірігіп, ұжымдық шешім қабылдауына мүмкіндік берді. 

Қазақстан одан бөлек, өңірлік ынтымақтастық жобаларына, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) және Түркі тілдес мемлекеттер ұйымының, ЕАЭО, ҰҚКҰ мүшесі. 

Еліміз көпвекторлы, прагматикалық және белсенді сыртқы саясат жүргізу арқылы Тәуелсіздік жылдарында өзінің халықаралық абырой-беделін арттыра түсті. Сол арқылы ғаламдық және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға, өзара ынтымақтастық мен экономикалық өрлеуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевт мемлекеттер аралық қатынаста ашықтықты, саяси, экономикалық, сауда, инвестиция және қауіпсіздік салаларында стратегиялық әріптестікті қолдай отырып, екіжақты және көпжақты форматтарда өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыра білді. Өз кезегінде, бұл еліміздің халықаралық аренадағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудырды.

Дәулет АСАУ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...