Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарла...
"Қазақтар жақында ғана пайда болды": Қырғызстандық студенттің Кенесары хан туралы айтқан сөзі талқылануда
Фото: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіде Астанада академиялық алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген екі қырғызстандық студенттің Кенесары хан туралы айтқан сөзі қызу талқыға түсті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Әңгіме барысында қыздардың бірі қазақ халқының тарихы туралы сөз қозғайды.
"Қазақтар жақында ғана пайда болды, ал қырғыздар бұрыннан бар. Қазақтар қырғыздарға тағы бір мәселе бойынша ренжиді. Енді соны сен түсіндірші", – дейді ол екінші қызға.
Әңгімеге қатысып отырған ер адам сөздің Кенесары хан туралы екенін нақтылап, ханның басы неліктен қазақтарға қайтарылмағанын сұрайды.
Сұраққа жауап берген қыз мұны көшпенділердің салтымен түсіндірген.
"Біздің салтымыз бойынша көшпенділер жаудың басын қайтармауы керек. Ханның атын қорлап, оны біржола таптау үшін бас сүйегінен шарап ішуіміз керек", – дейді қыз.
Осы кезде видеоға қашықтан қосылған тағы бір ер адам қыздардың Қазақстанда жүрген-жүрмегенін сұрайды. Кадрдағы жүргізуші олардың Бішкектен Астанаға студент алмасу бағдарламасымен келгенін айтады.
"Олар ертең қазақстандық достары мен ата-аналарының алдында ұялмай ма? Бұл видео интернетке тарайды. Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы жаман сөз айтпаймыз. Ал олар қазақтың ханын қорлап отыр", – дейді ол.
Әзірге видеодағы қыздардың аты-жөні, азаматтығы және Астанадағы қай оқу орнында білім алып жүргені белгісіз. Сондай-ақ олардың айтқан сөздеріне байланысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.