Шымкентте ер адам әйелі мен үш айлық қызын аяусыз ұрып-соққан. Ол сәбиді теуіп, жансақтау бөліміне т...
«Қорланып кетіп барам»: Жетісулық жазушы «есеп үшін» ұйымдастырылған антикордың іс-шарасының шындығын жайып салды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы мен жергілікті Антикор жазушы, журналист, документалист Қанат Тілеуханды кездесуге шақырып, оны «отчет үшін» ұйымдастырылған іс-шарасына қатысқаны үшін жазушы Қанат Тілеуханға 50 мың теңге бермек болған, деп хабарлады madeniportal.kz.
Бұл туралы Қанат Тілеухан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қанат Тілеуханның айтуынша, оған телефон соққан адам әуел баста қандай кездесу болатынын ескертпеген. Тек Талдықорған жұртшылығымен кездесу өтеді деген сыңайлы ақпарат берген. Қанат Тілеухан өзі туған аймақта «Медаль» спектаклінен кейін бір кездесу өткенін, әйтпесе, Талдықорғандағы оқырмандарымен осы уақытқа дейін дидарласпағанын жазады. Сондықтан болар, ол бірден «кездесуге келемін» деп келіскен.
«Келсем, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы» кездесу деп тұр. Екі жас қыз жүр екен. «Менің жемқорлыққа қатысым не?» десем, күмілжіп, дұрыс жауап бере алмады. Ақыры келдім ғой деп отырдым. Сонымен бір сағат өтті, ешкім келген жоқ», - деп жазады журналист.
Бір сағат босқа отырған Қанат Тілеухан қыздарға әзілдей отырып, «кездесу тек отчет үшін» ұйымдастырылғанын, сондықтан, видеоға түсіріп алып, монтаж арқылы көрерменді де видеоға қосып, есеп тапсыра салыңыздар деген ұсыныс айтқан.
«Қыздар, бұның бәрі отчет үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар» десем «жарайды» дейді. Негізі әзілдеп айтқам. «Мыналарың ұят қой. Аман болыңдар» десем, «ренжімеңізші» дейді. Тіпті ертең келе аласыз ба деп қояды. Әңгіме осы. Ұйымдастырушы - Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Антикор», - деп жазған журналист.
Ең күдіктісі, Қанат Тілеухан кездесуден кетіп бара жатқанда оның шотына біреулер 50 мың теңге ұйымдастырған. Артынша, Дана есімді қыз қоңырау шалып, кешірім сұраған.
«50 мың теңге қаламақым екен. Қайта өзіне салып жібердім. Қорланып кетіп барам», - деп жазған жазушы.