Бүгін түнде Алматыдағы гүл дүкендерінің бірінен өрт шықты, деп хабарлады madeniportal.kz ТЖМ күшт...
Мыңнан астам айналым қатысушысында 7.5 мың рет: Мерзімі өткен дәрілер сатылып келген
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Таңбалау жүйесі дәрі-дәрмек нарығындағы жағдайды нақты уақытта бақылап, ауытқулар мен заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов ОКҚ алаңында өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта 1,2 млрд-қа жуық дәрілік зат қаптамасы таңбаланған. Оның жартысы айналымнан шығып, сатылып кеткен.
Таңбалау бізге отандық өндірістің қанша дәрісі бар, қайсысы импортталғанын, сатылым көлемі қандай екенін көруге мүмкіндік береді. Мәселен, дәрілер күніне 750 мыңнан 960 мыңға дейін қаптама болып сатылады. Тіпті аптаның ішінде дәріханалардан дәрілер ең аз сатылатын күн – жексенбі екені де анықталды. Жүйе өңірлер бойынша препараттардың қалдығын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни қай аймақта, қай елді мекенде, қай дәріханада тапшылық немесе артық қор бар екенін көреміз. Платформаның өзі ауытқуларды анықтап, заң бұзушылыққа меңзейді, – деді Әсет Нүсіпов.
Вице-министрдің айтуынша, Сауда және интеграция министрлігінде баға мониторингі құралы да бар. Бұл ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі.
Мысалы, ибупрофеннің 2025 жылғы мамырдағы елдегі дәріханалардағы орташа бағасы 1460 теңге болған. Биылғы қазанда ол ең төменгі деңгейге жетіп, 941 теңге болды. Яғни нарық деректерімен жұмыс істеп, барлық өзгерісті көріп, талдау жүргізуге мүмкіндік бар, – деді спикер.
Сонымен қатар жүйе мерзімі өткен дәрілерді де анықтайды. Вице-министр 1 мыңнан астам айналым қатысушысында жарамдылық мерзімі біткен дәрілердің 7,5 мың рет сатылғаны тіркелгенін хабарлады.
Коммерциялық сатылымда «Тегін» деген мөрі бар 27 мың қаптама анықталды. Чектер бойынша олар ақылы түрде сатылған. Бұдан бөлек, таңбалау коды бұрыннан басылған қаптамалардың 470 мыңнан астам рет қайта сатылғаны байқалды. Жалпы, жүйенің осындай функционалдық мүмкіндіктері бізге нарықты тиімді басқаруға жол ашады, – деді Әсет Нүсіпов.