Қосбасты ожау - музейдегі мұра

Фото: Түйенің жамбас сүйегінен жасалған қосбасты ожау. XIX ғ.

ЖАҢАЛЫҚТАР
1267

Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасқан терең дәстүрлерге негізделген. Сол бай мұраның бір айғағы тұрмыстық бұйымдар мен қолөнер туындылары. Соның бірі-Айыртау ауданы, Қызыләскер ауылының тумасы, қадірменді ана Әшімова Сәркеннің жасауымен келген, XIX ғасырға жататын қосбасты ожауы.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде сүйектен жасалған бұйымдар ерекше орын алған. Әсіресе төрт түлік малдың жілік, жамбас, жауырын секілді ірі  сүйектерінен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар асқан шеберлікпен жасалып, күнделікті өмірде кеңінен қолданылған.  Солардың ішінен көркемдігімен және ағаштан, сүйектен өзгеше жасалу үлгісімен ерекшеленетін - қосбасты ожау. Ол көбіне үлкен той-мерекелерде қымыз сапырып, ағаш тостағандарға құю үшін қолданылған. Мұндай ожау түрлері Орталық, Оңтүстік және Батыс  Қазақстан өңірлерінде көбірек кездескен. 

Шоқан Уәлиханов өзінің жазбаларында қазақ халқының сүйектен түрлі бұйымдар жасап қана қоймай, оларды әсем өрнектермен нақыштай білетін шеберлігіне ерекше тоқталады. Қосбасты ожаулардың да сабына көбіне ою-өрнек өріліп, кейде күміс қапталып отырған. Бұл байлық пен мәртебенің белгісі болған. Қосбасты ожау тек ыдыс ретінде ғана емес, кей жағдайларда рәсімдік мағынаға ие болған. Мысалы, жаңа піскен қымызды алғаш рет сапырып немесе бата бергенде дәл осы ожау қолданылған. Демек, қымыз сапыруға арналған бұйымның да айрықша жасалуы- халықтың салт-дәстүрге, әсіресе қонақ күту мәдениетіне ерекше мән бергенін дәлелдейді.

Осындай құнды жәдігердің бірі бүгінде Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің экспозициясынан лайықты орын алып, өткеннің үнін жеткізгендей келушілерге тарихтан сыр шертуде. Бұл бұйымның көркемдік және мәдени құндылығы ерекше. Түйенің жамбас сүйегінен жасалғаны-сол кездегі халықтың табиғатпен етене жақын болғанын көрсетеді. Бұл сүйек- әрі мықты, ұзақ уақытқа төзімді, сынуға бейім емес. Әр жануардың сүйегін кәдеге жаратып, одан өнер туындысын жасайтын қолөнершілер-нағыз шеберлер еді. Ожау қарапайым көрінгенімен, әр бедері - өрнек, әр сызығы-хат. Ожаудың қосбасты қылып жасалуының өзіндік ерекшелігі бар. Су бетінде еркін жүзген құстай, қосбасты ожаулар қымызға батпайды. Сабы берік болуы үшін екі жағынан сүйектен жасалған тіреуіштермен шегелене бекітілген. Ожау сабының бойына ұстауға ыңғайлы болуымен қатар сәнді болуына да мән беріліп бунақ түсіріліп жасалған. Сүйектен ойылған қосбасты ожау соншалық жұқа, мөлдір шыныдай, жарық түссе ар жағындағы бедерлер бұлдырап көрініп тұрады. Шебердің қолынан шыққан бұл жәдігерді ұстасаң жеіңілдігімен таңқалдырады. Көне бұйым көп қолданғандықтан түбі жарылып, сүйекпен қайта жамалғанын көреміз. Кезінде ел ішінен қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерді жинаған музей қызметкерлері  Сәркен Әшімовадан ожауды аттай қалап алған. Сәркен апаның ожауын бірден бергісі келмеуінің шынайы себебі де бар шығар. Мүмкін, қыз жасауымен бірге келгендіктен аса қымбат көрінген болар.Тозып кетпеу үшін  ожауды  қолданғаннан кейін мұқият жуып, майлап отырыпты.Сәркен апа бұл бұйым бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің аманаты екенін түсініп, соған лайық ілтипатпен, жүрек жылуымен сақтаған болар.

Экспозициядағы қосбасты ожау -  музей қорын байытып отырған құнды жәдігер ғана емес, жас ұрпаққа ата-баба мұрасын насихаттаудың тарихты ұғындырудың нақты құралы. Сондықтан, көнеден жеткен мұндай жәдігерлерді зерттеу, насихаттау музей қызметкерлері үшін маңызды әрі игі міндеттерінің бірі болып табылады.

 

Гүлзайра Сәбитова,

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының ла...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада қоғамдық көлік пен шағын автобус соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPorta...