Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеум...
Қостанай облысында биылғыдай жойқын су тасқыны келер жылы тағы қайталанбас үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?
Фото: Ақорда
Биыл су тасқыны кезінде облыста 1283 үйге су кіріп, 468 баспана жөндеуге жарамсыз болып қалған еді. Келер жылы көктемде су тасқыны тағы да біраз әбігерге салуы мүмкін. Мамандар қызыл судың алдын алуға осы бастан кірісті, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Жақында Ресей мен Қазақстан елдерінің су шаруашылығы мамандары бас қосып, келер жылдың болжам, жоспарын бөліскен. Ресей Федерациясының өкілдері 2025 жылы көп мөлшерде тасқын су болады деп болжам жасап отыр. Біздің аймақтың су ағыны сол елдің климаттық жағдайына ұқсас. "Тобыл өзені трансшекаралық өзен. Тобыл – Ресей Федарациясынан бастау алып Қостанай облысының территориясына өтіп, қайтадан Ресейге құяды. Бүгінгі таңда Ресей аумағында да климаттық өзгерістерге байланысты ол жақтан да су келеді деген болжамдар бар. Сондықтан 2025 жылы тасқын су биылғы тасқын судың сценарийі бойынша өтеді деген болжам жасап отырмыз", - дейді "Тобыл-Торғай" бассейндік инспекция басшысының орынбасары Алмат Абжанов.
Қазақ Ұлу жылы су мол болады деп атам заманнан болжап кеткен. Алайда, дәл мұндай молшылық Тобыл-Торғай жерінде соңғы 80 жылда қайталанбаған дейді көне көз қариялар. Кеуіп қалған өзен-көлдер арнасынан тасып, тіпті бір-біріне қосылып кетті. Нөсерлетіп жауған жаңбырды жер сіңіре алмай жатыр.
Әдетте жаздың ыстық күндері айдындағы судың бір бөлігі буға айналып, тартылатын. Биыл ауа райының суықтығынан бұл процесс те болмаған. Бүгінде аймақтағы ең басты су қоймалары саналатын 1970-жылдары салынған Жоғары Тобыл мен Қаратомарда 1 млрд 400 млн текше метр су бар, бассейндер 87 пайызға толы. Елді мекендерді топан су басып қалмас үшін оларды 50 пайызға дейін азайту қажет.
"Тобыл Торғай инспекциясымен су қоймаларын бостаудың кестесін жасап, бекіттік. 16 қыркүйектен бастап секундына 40 текше метрден суды ағызуды бастаймыз. Сосын 70 с/текше метрге дейін апаруымыз мүмкін. Наурыз айынан бастап қайтадан су ағызуды қолға аламыз", дейді "ҚазСу" шаруашылығының директоры Даурен Абикамитов. Төтенше жағдай департаменті өкілі арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. "Қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган, жауапты мекемелермен су тасқынын болжауға, іс-қимылдарды үлестіру мақсатында жұмыс тобы құрылды. Бүгінде су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізілуде", - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұтқышев. Тобыл қаласының шетіне су келгенде халық жиналып бөгетті құм салынған қаптармен бекіткен еді. Жергілікті билік соған күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Қарасу ауданының халқы да келер көктемді үрейленіп күтіп отыр. Тасқын судың екпіні күшті болса, аудан орталығын суға басу қауіпі жоғары. Қарасу кентін Қостанайға жалғайтын жолдың 6 шақырымы әлі суда тұр.