Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балалар...
ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік тілді менсінбей ме?!
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Майгүл Сұлтанның фейсбук парақшасындағы мына бір жанайқайы жанымды тағы да жылатты. Неге жылатты?! Менің де басымнан өткен жәйт. Сіздің де басыңыздан өткен жайт. Сөзіме тұздық болсын, жуырда үй маңындағы «Қазпошта» кеңсесіне кіріп, жөн сұрадым. Әлпеті қазаққа келетін бір жас келіншек менің мемлекеттік тілде қойып тұрған сұрағыма орысша жауап қайтарды. Тағы сұрап едім, жақтырмай, ана жаққа бар дегендей қолын сілтеп, мылқауға ұғынықты ишарат көрсетті. Ол жерде орта жастағы әйел тұр екен.
- Қарағым, ана бір бала қазақша білмей ме? –деп сұрадым.
- Біледі.
- Онда маған неге орысша жауап берді? Мен орысқа ұқсаймын ба?
- ...
- Осы жерде Оғыз Доған құсап дау шығарып, басшыларыңның басын қатырсам қалай болар еді?
- Жас қой... Қайтесіз, аға... Оның орнына мен кешірім сұрайын сізден...
- Айналайын, ақылыңды айт. Біз қандай елде тұрып жатқанымызды ұмытпасын!
Мәссаған, безгелдек! Тура осы жағдай Майгүлдің басына да келіпті. Енді сол жазбаны тікелей оқып шығалық:
«Соңғы кезде қай елде өмір сүріп жатқанымды жиі түсінбей қалып жүрмін... (күлетін емес, қанжылайтын жағдай негізі!!!)
Бүгін де бір жиналысқа кеп, танауым тасқа тиді: осылай болатынын біліп Диана есімді қызға кеше xабарласып қазақ тілді спикерлер дайындап қоюларын өтінгем. Ол жоқ! Жаңа келіп пресс-релиз сұрасам орыс, ағылшын тілдерінде ғана дайындаған екен. Мемлекеттік тілде талап еткенім сол екен, кешегі сыпайы Дианам "біздің ұйым тек орыс, ағылшын тілінде ғана дайындайды" деп шап ете қалғаны. Енді дал болып тұрмын, МЕМЛЕКЕТТІК тілде (ана тілі деп майпаздамай-ақ қояйыншы) жауап қататын бірде бір адам таппай. Ал қатысушылардың көпшілігі өзіміздің қара қазақтар! Бұл сорақылықтың орын алған жері - Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК»
ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік тілді менсінбей ме?!
Ал енді әр ұлттың атасы мен анасынан аманат болып қалатын, оның ұлттық сипатын анықтайтын, тегіміздің қоды сақталған қастерлі Тіліміз туралы ақын, журналист Ұларбек Нұрғалымның пікірін көлденең тарталық:
«Өзінің туған ұлтының тілін білмей, оған бола еш қысылып-қымтырылмай-ақ биліктің биік бұтағына шығып, сол ұлттың төбесінен қарап, төрелік айтады ə!!!
Бұлар қалған қазақтың болмысын таптап, мінезін мысқылдап, рухын қорлап бітті! Олардың 99 пайызы балаларының болашағын қазақ тілімен байланыстырмайды. Сондықтан қазақ тілін барынша тұншықтырғысы, ілікке алғысыз етіп көрсеткісі келеді, сабан астынан су жүгіртіп, астыртын мазақтайды. Егер Қазақстанда ел болып көшеге шығып жоғарыдан талап ететін бір дүние болса, ол - қазақ халқының ғажайып болмысының негізін ұстап тұрған тілі! Қалғанының дені бүгін ішіп, ертең тышатын өтпелі мəселелер!
Уай, көрер көз үшін тіліне суық тигендей сөзін бұрап өтірік қазақша сөйлейтін министрлер! Қазақтың жанын қорлай бермеңдер!!!»
Дайындаған З. Самалбекұлы