Құлсарыда балалар жаңа "заманауи" мектепке балшық кешіп барып жүр

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
147

Атырау облысының Құлсары қаласында жаңа оқу жылының басында 1200 орындық №26 мектеп ашылды. Мектептің іші заманауи құралдармен жабдықталған. Онда жаңа кабинеттер, спорт залдары, робототехника үйірмесі, бейнебақылау жүйесі және полиция бекеті бар. Алайда мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы салынбаған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Halyqstan мәліметінше, жаңбыр жауса, мектепке баратын жол балшыққа айналады. Соның салдарынан балалар сабаққа жеткенше аяқ киімі мен киімдерін былғап алады.

Қала тұрғындары осы мәселені шешуді сұрап, Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовқа үндеу жасады.

"Жаңа әрі әдемі №26 мектеп салынғанына ризамыз. Бірақ жаңбыр жауған кезде балалар мектепке осындай жағдайда баруға мәжбүр. Олар қауіпсіз әрі таза жолмен жүруі үшін тротуар салып беруді сұраймыз", – делінген үндеуде.

Бұл мектеп бұған дейін де ел назарына іліккен. Былтыр қыркүйекте құрылыс аяқталмай тұрып, спорт залы шатырының бір бөлігі опырылып түскен еді.

Жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction сол кезде мердігердің шатыр үстіне алты тоннадан астам құрылыс материалын жинап қойғанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, шатырдың зақымдануына осы жағдай себеп болған.

Мектеп ашылар алдында нысанды облыс әкімі өзі тексерген. Оған оқу кабинеттері, спорт алаңдары, асхана мен қауіпсіздік жүйелері көрсетілген. Өңір басшысы мектепті және оның айналасындағы инфрақұрылымды оқу жылына толық дайындауды тапсырған.

Соған қарамастан, мектепке апаратын тротуар салынбаған. Енді жаңбырлы күндері оқушылар жаңа мектепке балшық кешіп баруға мәжбүр.