Қысқы дөңгелекті қашан ауыстыру керек? ІІМ түсіндірді

фото: depositphotos.com

ЖАҢАЛЫҚТАР
113

Қазақстанда қысқы шинаны 1 желтоқсаннан бастап 1 наурызға дейін пайдалану міндетті. Осы кезеңде жазғы дөңгелекпен көлік жүргізуге тыйым салынады. Ал ауа райы ерте суытатын өңірлерде жүргізушілерге шинаны алдын ала ауыстырған жөн. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова, деп хабарлады MadeniPortal.kz 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, қысқы шинаны пайдалану мерзімі заңнамада белгіленген. Дегенмен әр өңірдегі ауа райы жағдайы әртүрлі болғандықтан, жүргізушілер жолға шығар алдында жергілікті жағдайды ескергені дұрыс.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында күн райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың кей учаскелерінде көлік қозғалысына шектеу енгізілуі мүмкін.

«Қысқы кезең 1 желтоқсаннан басталып, 1 наурызға дейін жалғасады. Яғни желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында жазғы шиналармен жабдықталған көлікті басқаруға тыйым салынған. Бірақ кей өңірлерде ауа райы ертерек суытатындықтан, жүргізушілер қысқы дөңгелекке алдын ала ауысады», – деді Ақтоты Боранова.

Қолайсыз ауа райында жол қозғалысын шектеу қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстарға полиция қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол», Қазгидромет және Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп қатысады. Жолдың жағдайына қарай жеңіл немесе жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін.

Сондай-ақ республикалық жолдарда ауа райына байланысты ақпаратты көрсететін ауыспалы электронды белгілер орнатылған.

Қысқы шинаны уақытында ауыстырмаған жағдайда жауапкершілік қарастырылған. Ақтоты Боранованың айтуынша, көлік құралының техникалық жағдайы мен пайдалануға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін көлікті басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша шара қолданылады.

«Жүргізуші алыс жолға шықпас бұрын ең алдымен көліктің техникалық жағдайын тексеруі керек. Қажетті құрал-жабдықтарды, қосалқы заттарды және алғашқы көмек қобдишасын алған жөн. Егер ауа райы қолайсыз болса, сапарды алдын ала жоспарлап, жолға шығуды кейінге қалдыру немесе басқа көлік түрін таңдаған дұрыс», – деді Ақтоты Боранова.

Мамандар жүргізушілерге қысқы маусымда жолға шығар алдында ауа райы болжамын және республикалық жолдардағы қозғалыс шектеулері туралы ақпаратты тексеруге кеңес береді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

OpenAI компаниясы ChatGPT пайдаланушыларының жеке әңгімелерін қорғауға арналған жаңа функцияны е...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда жолаушы көп жиналған аялдамаларға бос автобустар жіберіле бастады. «Алматыэлектротран...