Руслан Берденовтің жарақат алғаннан кейінгі алғашқы сөздері жария болды

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
1667

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, бұрынғы мәжілісмен Руслан Берденовтің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ. Liter.kz-ке сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, оқ жарақатын алған әкім орынбасары операциядан кейін есін жиып келеді. Алайда оған ұзақ оңалу қажет, себебі оған үш рет оқ атылған.

– Адамдар есін жиғанда көбіне балалары жайлы, басқа дүниелер туралы сұрайды. Ал Руслан Арысбекұлы қайта-қайта: «Маған жұмысқа бару керек», – деп айтып жатты. Тіпті аурухана төсегінде жатқанын да түсінбеді. Бұл оның қандай жан екенін көрсетсе керек, – деді Айдарбек Ходжаназаров Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ депутат бұл оқиғада саяси астар жоқ деген жеке пікірін білдіріп, тергеу ісін ішкі істер органдарына қалдыру қажеттігін айтты.

Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, оқиға Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында болған. Жараланған Руслан Берденов шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. 22 сәуір күні оның өміріне қауіп жоқ екені хабарланды. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда.