Қарағандыдағы 18-шағын аудан тұрғындары абаттандыру жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне шағымданып,...
«Салдары тым қымбатқа түседі»: Тоқаев қоғамдағы қауіпті мәселеге назар аударды
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әр азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, көптеген апаттың алдын алуға болады, алайда адамдардың немқұрайдылығы мен салғырттығы ауыр зардаптарға әкеліп жатады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қазақстан мемлекеті өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Оның айтуынша, бұл қағидат Конституцияда нақты бекітілген. Ата заңда адам өмірі мен қауіпсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын айтып, қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық мәселесіне ерекше тоқталды.
«Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жауапкершілік, тәртіп пен ұқыптылық қауіпсіз әрі өркениетті қоғам қалыптастырудың басты негізі екенін жеткізді. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну және табиғатты аялау құндылықтарын сіңіру қажеттігін айтты.
Президент қиын жағдайда қалған адамдарға қол ұшын созу қазақ халқының бойына сіңген асыл қасиеттердің бірі екенін атап өтті.
«Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құтқарушылардың қажырлы еңбегіне жоғары баға беріп, олардың халық қауіпсіздігі жолындағы қызметін ерекше атап өтті.
«Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты мамандардың адал еңбегі мен қоғамдағы өзара жанашырлық елдің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін жеткізді.