Тоқаев құтқарушыларды мемлекеттік наградалармен марапаттады

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
172

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқан құтқару саласының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорданың 19 қазанда жариялаған мәліметіне сәйкес, Президенттің шешімімен төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат ордендер мен медальдарға ие болды.

Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев пен Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марат Күлдіков марапатталды.

Ал Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Анриге және Ақмола облысындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бөлім бастығы Алексей Цурканға табысталды.

«Құрмет» орденіне Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының бас директоры Тимирлан Дзауров, Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары Ерік Есмаханов және Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Елена Нарзиева ие болды.

Сонымен қатар «Ерлігі үшін» медалімен төрт азамат марапатталды. Олардың қатарында «Барыс» республикалық құтқару қызметінің бас құтқарушысы Дархан Байдекенов, Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов, Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушысы Дархан Рысбаев және «Бурундайавиа» авиакомпаниясының әуе кемесінің командирі Александр Чеботкин бар.

Бұдан бөлек, «Ерен еңбегі үшін» медалі Қызылорда облысындағы «Оңталап» шаруа қожалығының директоры Әбдіхамит Аралбаев пен Абай облысындағы «Ағайынды» шаруа қожалығының директоры Жанат Ибрагимовке берілді.

Осылайша, Мемлекет басшысы қызметтік борышын адал атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірін қорғауға үлес қосқан 13 азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

 

Шоу-бизнес

Бішкекте өткен Шакираның концерті Қырғызстанға мыңдаған шетелдік туристің келуіне себеп болды. Қырғы...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысында балабақша қызметкерлері мінген көлік ауыр жол апатына ұшырап, үш әйелд...