Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды madeniportal.kz...
Сарыөзенде мектеп бітірген үш түлек суға кетіп, көз жұмды
Ашық дереккөз
Батыс Қазақстан облысында үш жасөспірім суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға 9 маусым күні кешкі уақытта Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде болған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, суға кеткендердің екеуі 2009 жылы, біреуі 2008 жылы туған. Олар арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.
Ведомство аталған аумақта суға түсуге болмайтыны туралы ескерту белгісі орнатылғанын мәлімдеді.
Оқиға туралы хабар түскен соң құтқарушылар бірден сол жерге аттанған. Алайда ТЖМ қызметкерлері жеткенге дейін марқұмдардың денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алған.
Қазір қайғылы жағдайдың нақты мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Белгілі болғандай, қаза тапқан үш жасөспірім де биыл мектеп бітірген түлектер болған.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырды. Сондай-ақ балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау керектігін ескертті.