29 маусым сағат 19.00-де «Қазақстан» ОКЗ Камералық залында Қазақстан Республикасының Мәд...
Шерзаттың өліміне күдікті жігіттің анасы ұлын әділетсіз қамады деп үндеу жасады
Фото: дереккөзден
Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзаттың ісі бойынша қазір 10 адам қамалған. 13 қазанда ұсталған 3 күдіктінің бірінің анасы ұлын әділетсіз қамап тастағанын айтып үндеу жасады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Шерзат Полаттың ісі бойынша алғашында 7 адам қамалып, кейін Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 13 қазанда тағы 3 адам ұсталғанын хабарлады. Осы күні ұсталған күдікті жігіттердің бірінің анасы ІІМ мен бас прокуратураға ұлының оқиға орнында болмағанын және үйқамаққа жіберуін айтып үндеу жасады.
«Менің ұлым оқиға орнында болмаған. Оның неге ұсталғанын түсінбедік. Менің үндеуіме құлақ асса деймін. Кепілдікпен ұлымды үйқамаққа жіберуді қарастыруын сұраймын», - дейді ол.
Үндеуге қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірген.
«К. Есімді күдіктінің анасының өтініші бойынша хабарлайтын болсақ, 13 қазанда үш күдікті қамауға алынды. Оларға ҚР ҚК-нің «Қылмыс туралы хабарламау» 434-бабы айыпталып жатыр. Жүргізілген тергеу іс-шаралары күдікті К.-ның жасалған қылмыс туралы хабардар болғанын сенімді түрде анықтады. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі толық және объективті тергеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде, оның аясында барлық қатысушының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.