Абай облысында әрекетке қабілетсіз адамдарды қанаған директорға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу...
«ТМД плюс»: Тоқаев жаңа форматтағы саммит өткізуді ұсынды
Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) халықаралық байланыстарын кеңейтіп, алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, осы бастаманың негізінде «ТМД плюс» форматы пайда болған.
«Осы бастаманың желісімен «ТМД плюс» форматы пайда болды. Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру жұмысына қатысуға дайын екенін де жеткізді.
Мемлекет басшысы аталған құжаттың қарама-қайшылыққа емес, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделуі маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті. Аталған құжаттың сипаты жағымды, конфронтациялық мазмұннан ада болғаны жөн», – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 35 жыл ішінде ТМД мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2027 жылы Достастыққа төрағалық ететін Өзбекстанға табыс тіледі.